14.08.2020, 11:38
Оқылды: 51

Теректіде жаңа оқу жылына дайындық қалай жүргізілуде?

Елімізде коронавирус індетінің таралуына байланысты 2019-2020  оқу жылының IV тоқсанында мектеп оқушылары қашықтан оқыту жүйесі бойынша білім алғаны әмбеге аян. Қазіргі таңда бұл індет толықтай жойылып кете қойған жоқ. Осы орайда Теректі ауданының 2020-2021 жаңа оқу жылындағы оқу процесі қалай жүргізіледі?  Оқу жүйесін ұйымдастыру форматы мен жаңа оқу жылына әзірлік барысы қандай болмақ?  Осы сауал хақында Теректі аудандық білім беру бөлімінің басшысы Жанаргүл Хұсайыновамен тілдескен едік.

DE16D8B5-1C38-45A5-BE64-BE3FD3E2D2DA

- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен оқу жылының соңғы тоқсанындағы білім беру жағдайын еске алып: «Елімізде мұғалімдердің 20 процентінде толыққанды интернет пен компьютер болмады. Соның салдарынан балаларды қашықтан тиімді оқыта алмады. Оқушыларды қажетті техникамен қамтамасыз ету шаралары ақсап тұр» деген болатын. Сол кезде техника тапшылығы,  шалғай ауылдардағы  интернет пен байланыс әлсіздігі болғаны рас. Жаңаргүл Жеңісқызы, бұл мәселе жөнінде ауданның дайындығы қалай? Ұстаз бен шәкірт әзір ме?

-Биылғы жаңа оқу жылына дайындығымыз жаман емес. Бірінші сыныпқа 703 бала қабылданды. Аудандағы З8 мектептің 20-ы жалпы орта білім беретін, 9 негізгі білім беретін, 9 бастауыш мектеп.

Жаңа оқу жылында оқушылар «Білім Медиа Групп» платформасының «Онлайн Мектеп» контенті арқылы оқытылатын болады.

Оқу жылын 38 мектепте 6245 оқушымен бастағалы отырмыз. Соның ішінде 1935 бала аз қамтылған отбасынан, оның 47-і жетім балалар, 274 бала ерекше білім беруді қажет ететін балалар санатына жатады. Қазіргі таңда Қазақстан Республикасы Үкіметінің №64 қаулысына сәйкес  оқушыларды қашықтықтан сапалы оқыту процесін ұйымдастыру үшін оқушыларды интернет желісімен және компьютерлік құрылғылармен қамтамасыз ету мақсатында 361 планшет, 771 ноутбук, 200 роутер алуға облыстық білім басқармасына қосымша қаражат бөлуге тапсырыс бердік. Көп балалы отбасыларға қажеттілігіне қарай мектеп компьютерлерін уақытша беруді қарастырып, үнемделген қаражат есебінен 100 ноутбук сатып алу жоспарлануда.

2242DC7B-FA4B-4AEF-8D64-3E51535EF1FC

Ерекше басталатын оқу жылына ұстаздар да дайындалып жатыр.  Әдіскерлер мен мұғалімдер  қашықтықтан оқытудың ерекшеліктері, оқушыларды оқу үдерісіне тарту, АКТ құралдары мен сервистері, кәсіби серіктестік, ата-аналарды педагогикалық қолдау тетіктерін үйрену үшін педагогикалық шеберлік орталығы ұйымдастырған «Қашықтықтан оқытуды үйренемін» ашық онлайн курсынан өтті. Аудан мектептерінде білім бертін 1217 педагогтың 1175-і осы курста қашықтықтан оқытудың негізгі ұғымдары мен трендтерімен танысты. Бұл сабақтың мұғалімдер үшін көмегі зор болатыны сөзсіз.

-Жыл сайын жаңа оқу жылын асыға күтетін шәкірттердің көңілі алаң. Олар биыл қашықтан оқи ма, жоқ, әлде мектеп партасына  отырады ма?

-Былтыр оқу жылы ерекше, қашықтықтан оқытумен аяқталды ғой. Биылғы оқу жылы да ерекше басталғалы отыр. 2020-2021 оқу жылында аудандағы 19 мектепте 5340 бала қашықтықтан оқиды. 19 мектептегі 901 оқушы барлық санитарлық талаптарды сақтай отырып штаттық режимде оқиды деп жоспарлануда. Ата-аналардың өтініші бойынша 1-4 сынып оқушыларына арналған кезекші сыныптар ұйымдастырамыз. Мәселен, 1-сыныпта 27 оқушы, 2-сыныпта - 13, 3 сыныпта-13, 4 сыныпта 10 оқушы кезекші сыныптарда оқитын болады.

-Жалпы, 1 қыркүйек - Білім күні қалай ұйымдастырылады?

-Білім күні барлық сыныптарда дәстүрлі сынып сағаттары онлайн өтеді.

-«Алпамыс мектепке барады» демекші, биыл мектеп табалдырығын аттайтын 1-сынып оқушылары сабаққа барады ма?

-Қазіргі таңда аудан бойынша 703 баланың құжаттары 1-сыныпқа қабылданды. Тұңғыш рет мектеп табалдырығын аттағалы отырған бүлдіршіндеріміз үшін дәстүрлі алғашқы қоңырау салтанаты барлық санитарлық талаптарды сақтай отырып  ұйымдастырылады.

– Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов «Қазақстандық бүлдіршіндер 2021 оқу жылынан бастап "Сауат ашу" пәнінің орнына "Әліппе" оқиды» деп ата-ананы да, ұстаздарды да қуантып тастап еді. Бұрын біз бен сіз оқыған «Әліппе» оқулығын 1-сынып оқушылары жаңа оқу жылында қолға алады ма?

-Жаңа оқу жылына қажетті оқулықтармен түгел қамтылатын болады, 1-сынып оқушыларына «Сауат ашу» оқулығын ұсынамыз.

-Шәкірт мектепте оқиды делік. Санитарлық нормаларды сақтау үшін оқу ордалары дезинфекциялау құралдарымен қамтамасыз етілді ме?

-Білім беру ұйымдарында жаңа оқу жылында «Білім беру объектілеріне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» санитариялық қағидаларын қатаң сақтау үшін тиісті дизенфекциялық құралдармен қамтамасыз ету мақсатында қажетті құрал-жабдықтар сатып алынды. Сонымен қатар санитайзерлер, тепловизор, антисептик және басқа да құрал –жабдықтар үнемделген қаражат есебінен тағы да қосымша алынады.

-Дәстүрлі «Мектепке жол» акциясы жалғасады ма?

-«Мектепке жол» қайырымдылық акциясы жыл сайын шілде-қыркүйек айларында ұйымдастырылған болатын. 2019 жылдан бастап Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес акция енді  жыл бойы өтетін форматқа ауыстырылды.

«Атамекенім» қоғамдық қорының қолдауымен «www.atamekenim.kz» порталында көмекке мұқтаж ата-аналар өз өтініштерін қалдыра алатын «Мектепке жол» платформасы құрылды. Өз кезегінде демеушілер мен меценаттар ақшалай қаражатты онлайн аудара отырып, аталмыш портал арқылы көмек көрсету бойынша өз ниеттерін жүзеге асыра алады. Бұл платформа тұрақты түрде жұмыс жасауға ыңғайлы, жаңа тәсілдер арқылы көмек көрсетудің мәдениетін қалыптастыруға, оның ашықтығын қамтамасыз етуге септігін тигізеді. Биылғы жылдың ерекшелігі,  қашықтан оқытуға байланысты  акция «Компьютер сыйла», «Планшет сыйла», «Ноутбук сыйла» тақырыбымен өтеді.

-Мектепалды даярлық топ, шағын орталық, балабақша тәрбиеленушілері үшін оқу форматы қалай болмақ?

-Ауданымызда барлығы 40 мектепке дейінгі ұйым бар. Соның ішінде 24 мектеп жанындағы шағын орталық, 16 бөбекжай, оның 11-і мемлекеттік, 5-і жекеменшік бөбекжай. Қазіргі уақытта елімізде карантиннің жариялауына байланысты мектепке дейінгі ұйымдар өз жұмысын уақытша тоқтатты. Алдағы уақытта мектепке дейінгі ұйымдағы жұмыстары жанданған жағдайда жұмыс тек кезекші топтар ашудан басталады. Ал мектепалды даярлық топтары мен сыныптары толық қашықтықтын оқитын болады.

-Хош, сонымен, ата-ана биыл мектеп формасын сатып алсын ба, жоқ әлде…

-Биылғы оқу жылында елімізде болып жатқан індетке байланысты  мектеп формасын алу міндетті емес.

-Елдегі індетке қарамастан ауданымызда білім беру мекемелерінде жөндеу жұмыстары қызу жүріп жатқанынан хабардармыз.

-Ия, қазір екі мектепте күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Соның бірі - Ақсуат мектебі. Оның құрылысын мердігер «Алтим» ЖШС ұжымы қолға алды. Бөлінген қаражат құны 267 млн. теңге, ал қазіргі уақытта жөндеу жұмыстарына қажетті қаражат - 229 млн. 531 мың 822 теңге. Күрделі жөндеу жұмыстарына сол елді мекенде жұмыссыз жүрген 23 азамат қабылданды. Сондай-ақ Чапаев орта мектебі ғимараты да күрделі жөндеуден өтуде. Жоба құны 230 млн. теңге, мердігер - «Иском» ЖШС. 17 мектепке ішкі әжетханалар орнатылуда. Барлық мектептерді бейнебақылау құралдарымен қамтамасыз етеміз Ал Ақжайық, Ы.Алтынсарин,  Чапаев,  Восход, Ұзынкөл мектептеріне спорттық алаңмен жабдықтауға қаражат бөлінді. Жаңа оқу жылы қашықтықтан басталғанмен, жағдай түзеліп, шәкірттер мен ұстаздар бетпе-бет қауышады, мектеп іші көңілді шуға толады деген үміттеміз. Және соған дайындалып жатырмыз.

-Жанаргүл Жеңісқызы,  мәліметіңіз үшін рахмет. Ұстаздарға да, шәкірттерге де ерекше оқу жылында ерекше жетістіктерге жетуді тілейміз.

Әңгімелескен Самал Жамет,

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале