«QAZAQSTAN» ұлттық арнасының ізімен Теректі аудандық балалар шығармашылық үйі және «Іс үшін» жастар ҚБ ұйымдастыруымен «Жарқын жүздесу» жобасы қолға алынған еді. Енді міне, су жаңа жобаның алғашқы қонағы би әлеміне қанат қаққанына 20 жыл толған үлгілі «Жұлдыз» би ансамблінің жетекшісі, хореограф Жанар Жеңісқызы болды.
Жоба жүргізушісі Үміткер Жұмакелдіұлы бағдарламасын екі бөлімге қойды. Алғашқы бөлімде қонаққа толғандырып жүрген сұрақтар қойып, мерейтойдан жинақталған видео, суреттер көрсетсе, екінші бөлім «Кейіпкермен бетпе-бет» тез жауап беруі тиіс сұрақ-жауап айдарын жасады.
Шараға Ж.Тайшыбаеваның әріптестері, шәкірттері мен олардың ата-аналары да қатысты. Ата-аналар атынан сөз алған Федоровка №1 ЖОББМ оқу- ісі жөніндегі орынбасары Н.Тельманқызы, Ж.Жеңісқызының би сабағындағы қаталдығы мен талапшылдығы жөнінде айтып, шәкірттермен жұмыс жасау ерекшеліктерін сөз етті.
Күні кеше тұсауы кесілген, сиясы әлі кеппеген «Жарқыра, Жұлдыз» деп аталатын туындының шығу тарихына тоқталған Е.Мағзом ән авторларын таныстырды. Бишілер кешінің түйінің қойған, Ә.Орынбасаров А.Дәулетқалиев, Е.Мағзом бірігіп жазған ұжым әнұраны көрерменнің ыстық ықыласына ие болды.
«Жұлдыз» би ансамблі құрамына қосылған Д.Махамбетқызы жас маман болып келген кездегі қызықтарын еске алып, әріптесінің қолдауын да айта кетті. Ұстазын қолдап келіп отырған шәкірттерімен қосыла билеген ұстаз қимылы көпшілікті сүйсіндірді. Бағдарлама кейіпкерімен алғашқы еңбек жолын бірге бастаған Казталов аудандық саз мектебінің директоры Жадыра Тлеубаева видео құттықтау жолдады.
Сондай-ақ «Жас тілші» үйірмесінің оқушылары сұрақтарын қойып, аудандық саз мектебінің оқушысы Д.Ибрагим домбырада ән салса, «ZhaikStar» театр үйірмесінің мүшесі С.Жантілеуова әртістік қырын көрсетті. Әнші-композитор Е.Мағзом «Жарқыра, Жұлдыз» әнұраның орындап кеш нүктесін қойды.
Теректі аудандық білім беру бөлімінің басшысы Ж.Хусайнованың атынан алғыс хат пен естелік сыйлық табысталды.
Балнұр Қуанышқызы,
Теректі ауданы
zhaikpress.kz