Баршаға мәлім, 1 желтоқсанда Төтенше жағдайлар министрі, генерал-майор Шыңғыс Әріновтың тапсырмасы бойынша республикада «Өрт қауіпсіздігі айлығы» басталды.
Аталмыш айлық өрттердің алын алуға, адамдардың өлімі мен зардап шеккендердің санын азайтуға, тұрмыстағы жаппай өткізілетін іс-шаралар кезіндегі қауіпсіздік шаралары туралы азаматтардың түсінігін арттыруға бағытталған.
Айлық аясында Теректі ауданы ТЖБ, ЖАО және басқа да мүдделі органдармен бірлесе аудан аумағындағы тұрғын үйлерді қамти отырып, профилактикалық рейдтер өткізуде.
Тұрғындарға тұрмыстағы өрт қауіпсіздігі шаралары түсіндіріліп, азаматтардың қалауы бойынша пештер мен электр жүйелеріне тексеру жүргізіліп, тұрғындарға кеңес берілуде.
Жаңа жылдық жәрмеңкелер мен концерттер сияқты іс-шаралардағы қауіпсіздікке, пиротехникамен байланысты төтенше жағдайлардың алдын алуға ерекше назар аударылуда. Полициямен, газ шаруашылығы және еріктілермен бірлесіп, нысандарда және пиротехника сатылатын орындарда, отшашуларға арналған алаңдарда тексеріс жүргізілуде.
- Сауда кешендерінде, адам көп шоғырланатын нысандар үшін өрт немесе басқа да төтенше жағдайлар кезіндегі іс-әрекеттер бойынша эвакуациялық жаттығулар ұйымдастырылып, дауыс зорайтқыш құралдары арқылы танымдық аудиожазбалар қосылды. Атқарылып жатқан жұмысқа қарамастан аудан аумағында тұрғын-үй секторында төтенше жағдалардың саны азаяр емес,- деді аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің аға инженері, азаматтық қорғау аға лейтенанты Дидар Башаев.
Атап айтсақ, биыл 22 қараша күні Подстепный ауылындағы тұрғын үйде болған өрттен 1 адам қаза болды. Өрттің себебі темекі тұқылынан болғандығы анықталды. Статистикаға сүйенсек, жыл басынан аудан аумағындағы тұрғын үй секторында 28 өрт оқиғасы тіркелген. Оның 18-і тұрғын үйде, қалған 10-ы шаруашылық құрылыста болған.
- Өрттің негізгі себептеріне тоқталсақ, он екісі электр сымдарын монтаждау кезінде өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу, алтауы жылыту пешін қараусыз қалдыру, тағы алтауы отқа абайсыз қарау, үшеуі мас күйде төсекте шылым шегу, біреуі найзағай ұшқыны кесірінен екендігі анықталды. Осы орайда Теректі аудандық Төтенше жағдайлар бөлімі азаматтарға өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтау қажеттігін еске салады. Тек жұмыс істейтін пештер мен электр құрылғыларын пайдаланып, пештердің қызып кетуіне және электр желілерінің шамадан тыс жүктелуіне жол бермей, мұржаны күйеден уақытында тазалап, пеш пен электр құрылғыларының ақаулықтарын үнемі тексеріп отырыңыздар. Пеш жағуды балаларға тапсырмаған, сіріңкелер мен тұтандырғыштарды балалардың қолы жетпейтін жерлерде сақтаған өте дұрыс,- деді Дидар Ғаррифоллаұлы.
Жаңа жылдық мерекелерге де аз уақыт қалды. Пиротехникалық бұйымдардың барлық түрлері сатылымға шықты. Олар сатып алушыларды түрлі-түсті қаптамалармен қызықтырып және алдағы мерекелерден ұмытылмас әсер алуға жалған уәде береді.
Өкінішке қарай, кейде мерекеден мүмкіндігінше көп әсер алуға деген ұмтылыс қауіпті жағдайларға әкеліп соғады. Адамдар қауіп туралы ойланбастан пиротехниканы сатып ала бастайды. Аудандық төтенше жағдайлар бөлімі осының алдын-алу мақсатында бірқатар ережелерді ұсынды.
- Кәмелетке толмаған балаларға жарылғыш затты өз бетімен өртеуге рұқсат бермеңіз немесе оны іске қосу кезінде оған жақын жерде болыңыз;
- Отшашулар мен пиротехникаларды балалардың қолы жетпейтін жерде сақтаңыз, пиротехникалық өнімдерді қалтаға сақтауға болмайды;
- Егер зымыран ұшпай қалса, оның себебін тым жақындап тексермеңіз. Күте тұрыңыз, содан кейін сумен мұқият толтырып, қоқысқа тастаңыз.
Төтенше жағдай туындаған жағдайда «101» немесе «112» телефондарына қоңырау шалыңыз!
Ақтілек Әлібек,
Теректі ауданы