Президент Қасым-Жомарт Тоқаев кәсіпкерлермен кездесуде мемлекеттің экономикалық саласының маңызды мәселелерін жеткізіп, елдің дамуын көздейтін жобаларды талқылаған еді. Жаңа инвестициялық жүйені іске қосудың маңыздылығына екпін түскен бұл мәселеде нөлдік бюрократия нақты әрекеттердің максимумы болуы қажет. Ал прокуратура органдары үшін аталған салада «прокурорлық сүзгі» деп аталатын қосымша функция енгізілді.
Бұл инвесторларға қатысты мемлекеттік органдардың барлық шешімдері мен шектеу шаралары бойынша жүзеге асады. Биыл алты айда аудан прокуратурасының қадағалау қызметі барысында 300-ден астам кәсіпкердің құқығы қорғалды.
Аудандық мәдениет үйінде Теректі аудандық прокуратурасы және уәкілетті мемлекеттік органының қатысуымен кәсіпкерлер мен бизнес-қоғамдық өкілдеріне арналған ашық есік күні өтті. Аудан кәсіпкерлерін аудан прокурорының орынбасары Мадияр Мұханов, аудан әкмінің орынбасары Дамир Ғұмаров, жер қатынастары бөлімінің басшысы Сағдат Жолдығалиев, аудандық ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Сандуғаш Айтқалиева қабылдап, түйткілді мәселелерін тыңдады.
Көпшілігін жер мәселесі һәм жер комиссиясының жұмысы толғандырады. Жас кәсіп иелері қолдаудың аздығын айтып, өз ұсыныстарын жеткізді. Мадияр Жетібайұлы барлығын тыңдап, пікірлеріне құлақ асты. Ашық есік күніне келген кәсіпкерлерді жеке қабылдады.
Ақтілек Әлібек
Теректі ауданы