23.07.2024, 16:15
Оқылды: 263

Теректідегі ауылдарда түйткілді мәселелер қалай шешіліп жатыр?

Ауыл тұрғындары аттай қалап, дауыстарын беріп сайлаған әкімдер ел сенімінен шыға алды ма? Аудан ауылдарындағы түйткілді мәселелелер қалай шешілмек? Ауыл әкімі бұған тікелей жауапты адам. Халық сайлағанын естен шығармай, елге етене жақын болуы тиіс. Жасыратыны жоқ, олардың тау қопарып, бүтін ауылды өзгертіп жіберердей қауқары да жоқ. Бірақ ағайынның ортасында жүріп, арыз-шағым, арман-тілектерді тыңдаудан қашпай, аудан, облыс әкімдігіне жеткізуден тынбау қажет.

1 Ербол ИСЕЕВ

Осы орайда біз «Ауыл әкіміне үш сұрақ» айдарын қолға алдық. Ауыл тұрғындарын мазалаған сұрақтарға Теректі ауданы, Шаған ауылдық округі әкімі Ербол Исеев жауап берді.

Бекежан Дущанов, Жаңа Өмір ауылының тұрғыны:

– Юрий Гагарин көшесі жаңбыр жауған соң ми батпаққа айналады. Жөнделетін уақыты болды ғой. Нақты уақыты қашан екен?

Ербол Байжанұлының жауабы:

– Бұл мәселе бойынша бүгінгі таңда ауылдың 9 көшесіне жол жабынын төсеуге жобалық-сметалық құжат жасақталды. Аталған көше тізімде бар. Жалған уәде беруден аулақпын. Егер жоба жүзеге асқан жағдайда міндетті түрде асфальт төселеді. Қаржы мәселесі шешілсе, бірден іске кірісеміз. Теректі, Подстепный, Ақжайық ауылдарында бұл жобалар қолдау тауып, Жаңа Өмір ауылының көшелері кейінге қалдырылды.

– Жаңа Өмір ауылында дене шынықтыру және сауықтыру кешені қашан салынатын болды? Жастар спортпен шұғылданып, бос уақыттарын тиімді өткізсе деген тілек бар.

– Спорт клубының да құжаты дайын тұр. Әзірге ешқандай қозғалыс жоқ. Мұны ауыл әкімі ретінде мен де құптаймын. Салауатты өмірді ұстануды қолға алу үшін бірінші кезекте кешен қажет. Ауыл жастарымен пікірлесу барысында спорт клубының бой көтеруі жөнінде армандары бар екендігін байқадым. Ең бастысы – қаржы.

– Мәдениет үйінің құрылысы неге тоқтап тұр? Бұрынғы мердігер компания жауапқа тартылды ма?

– Бұл да аудандық немесе ауылдық округ бюджетінен шешімін табатын мәселе емес. Барлығының қаржыға келіп тірелетінін ескерсек, мәдениет үйінің аяқталуына көп көлемде қаражат қажет. Биыл «КПО б.в компаниясы» арқылы қайта жанданады деген жағымды хабар келіп еді. Алайда бұл іс те  тұралап қалды. Бұрынғы мердігерге келсек, жауапқа тартылып, тартылмағандығы туралы ақпарат жоқ. Аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөліміне хат жіберіп, анықтау керек.

Өз ауылыңыздағы мәселелердің анық-қанығын білгіңіз келсе, әкіміңізге сауал жолдаңыз!

Телефон: 8 747 420 69 43

Е-mail: terektigazeta@gmail.com

 Дайындаған Ақтілек Әлібекұлы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале