18.03.2022, 1:58
Оқылды: 48

Теректідегі бағбандарға арналған басқосу

Осыдан қырық жылдай бұрын Теректі ауданындағы Барбастау ауылы алма бағымен тамсандырған мекен еді.

багбан 2

Кезінде Барбастауда алма бағы 800 гектар жерге салынды. Осы жерде алма өңдеп, шырын, тосап, нәрсу, тіпті, шарап жасап шығаратын зауыт болды. Алманың көптігі сондай, күзде бақтағы жұмысшылар үлгермей, жиын-терінге облыс орталығынан студенттер келетін.

багбан 3

Бүгінде бұның бәрі тарих пен естелік қана. Десек те, «түгін тартсаң, майы шығатын» құнарлы топырағы нағыз «қазық қақсаң, терек болып шығатын» Теректіде бүгінде жеміс ағаштарын өсіруге мықтап бет бұрды.

Бұл үрдістің қарқын алуына былтыр ақпан айында облыс әкімі Ғали Есқалиев ұсынған «Менің аулам – менің бағым» бастамасы да сеп болды.

багбан 4

«Еңбек» бағдарламасы бойынша халыққа берілетін қайтарымсыз грантты жеміс ағаштарын салуға бағыттауды ұсынған облыс басшысының бастамасын қолдаған теректіліктер ауласына жеміс ағаштары көшеттерін тігуді қолға алды. Сөйтіп, 18 тұрғын  1528 түп ағаш отырғызған.  Облыс бойынша біздің аудан жеміс ағаштарын өсіруден  көш бастап тұр. Оның үстіне, 14 шаруашылыққа бақ өсіруге  795 гектар берілген. 3 шаруашылық - «West Agro-Milk» ЖШС, «Витамин» ШҚ,  ЖК «Үмбетьяров» жалпы аумағы 563 гектар жерге 3520 түп алма ағашын егіп, баптауда.

Кезінде  Барбастаудың алма бағында болып, «West Agro-Milk» ЖШС жұмысымен танысқан облыс әкімі  Ғали Исқалиев: «Барбастау алмасы – бренд болуы тиіс. Біз қолдаймыз, сіз тек жемісті еңбек етіңіз» деген болатын. Бұл үдеден шығу үшін ауданның әлеуеті мол. Тек, жеміс ағашын салуда тәжірибе жетіспеушілік бар.

Осы олқылықтың орнын толтырып, бір жыл бойы жинақтағаны бар бағбандар білгенімен бөліссін деген оймен  Теректі ауданының әкімі Тілек Габдушев тәжірибе алмасу семинарын ұйымдастырды.

Бұл шараға  БатысҚазақстан облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Алдияр Халелов, С.Исаев атындағы халықаралық эксперименталды- тәжірибелік бақ жетекшісі, бағбан, селекционер  Қайрат Кәрімов арнайы келіп қатысты.

Бағбандыққа бел буған тұрғындар мен кәсіпкерлер бас қосқан жиынға аудандық маслихат депутаттары, округ әкімдері де келді.

Семинарды өзі жүргізген Тілек Александрұлы аудандағы бау-бақша салу көрсеткіштерін келтіре отырып, нақты мәліметтермен таныстырды. Және де, былтыр тігілген «266 дана жеміс  ағашынан тұрғындар 21тонна алма алды» деп, мақтанышпен айтты. Осы орайда, өңірдегі бірден-бір танымал бағбан Қайрат Кәрімовтің тәлімбағынан алынған жеміс ағаштарының барлығы да аман-сау жерсініпті. Бұл іс биыл да жалғасын табатын көрінеді. Аудан әкімі: «Биыл 1000 жеміс ағашы көшеттерін әлеуметтік мекемелер арқылы отырғызамыз» деген жоспарын да айтты.

Бұл жоспар күні кеше Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» жолдауындағы «Аса тұрақсыз халықаралық жағдай қалыптасқан қазіргі кезде еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызы зор» деген сөзімен үндес.

«Биыл тіккен мың ағаштан бір-екі жылда өнім алуға әбден болады. Сол арқылы халықты сапалы жеміс-жидекпен қамтамасыз етуге қол жеткіземіз» деп,  алдағы күніне керекті бүгін ойлаған Тілек Александрұлы  сөзді облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Алдияр Халеловке ұсынды.

-Экологиялық мәселе жылдан-жылға күрделеніп барады.  Ең өзектісі- су. Тал-терек егу, әсіресе, жеміс ағаштарын өсіру табиғат үшін өте пайдалы.  Оны баптап-күту керек. Суару керек.  Сондықтан, су мәселесін  шешу керек. Суды үнемдеп жұмсауға үйренейік.  Тағы бір түйіні шешілмей келе жатқан мәселе - қоқыс шығару мен оны сұрыптау.  Пластик қалдықтар табиғатқа орасан зиян келтіреді. Қоқысты сұрыптау бұл түйінді шешуге мүмкіндік берері сөзсіз. Осыны  халыққа жеткізуіміз керек, -деді  Аалдияр Сансызбайұлы.

Әрі қарай семинар жұмысы тәжірибе алмасумен жалғасты.

-Тал отырғызу күтіп-баптауды қажет етеді. Жеміс ағаштарының отырғызғанда  жергілікті ауа райына бейімделген, төзімді түрін таңдаған жөн. Алма ағашын отырғызған кезде  топыраққа  мән беру керек. Көшет тігер кезде шұңқырының көлемі мен тереңдігі 90 см болған дұрыс,- деп бастаған кәнігі бағбан Қайрат Кәрімов өз тәжірибесінен мысал келтіре отырып, пайдалы кеңестер  берді.

Былтыр жеміс ағаштарын өсіруге кіріскен ауыл тұрғындары - ақжайықтық  Руслан Мырзағалиев пен барбастаулық Жәрдем Хитаров  өз жұмыстары нәтижесін айтып, тәжірибе бөлісті.

Осы басқосуға келген кәсіпкерлер «Алтын алма» сауда үйлері желісі өкілі Марзия Қазиқызы, «Теректі» ШҚ басшысы Сержан Идиятов іс жүргізу, өнім алу және оны өткізу жайында айтты.

багбан 1

Семинарға қатысушылар әр сөз сөйлеген адамды мұқият тыңдап, сұрақтарын қойып отырды.

Жиын соңында аудан әкімі «Жеміс ағашын өсіремін деушілер болса, ауданның кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөліміне жолықсын. Биыл мемлекеттік грант саны екі есеге өсті. Грант қаржысы да қомақты» деп, бағбандар қатарын толықтыруға шақырды.

Балнұр Қуанышқызы, 

Теректі ауданы

zhaikpress.kz 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале