Кеше «Теректідегі тебіреніс» жобасының кезекті сұқбаты өтті.
Жобаға "Ерен еңбегі үшін" медалінің иегері, халықаралық, республикалық конкурстардың лауреаты, Теректі ауданының Құрметті азаматы, Ғ.Құрманғалиев атындағы филармонияның әншісі Марат Сарбөпеев келді. Оған шығармашылық жолы, халықаралық, республикалық байқауларға қатысып, жетістіктерге жетуі, әншінің бағын ашқан әндері, шәкірттері жайында сұрақтар қойылды.
Әнші "Жан досым", "Анажан", "Сыған серенадасы", "Құстар қайтып барады" әндерін жанды дауыста гитарамен сүйемелдеп орындады.
Жоба соңында Теректі аудандық білім беру бөлімінің басшысы Жанаргүл Хұсайынованың атынан өнер иесіне алғысхат табыс етілді.
Марат Мәулетұлы Сарбөпеев 1973 жылы Теректі ауданы, Трудовик ауылында дүниеге келген. Киелі көпбалалы шаңырақ аясында Марат 8-ші болып дүние есігін ашқан болатын. Ата-анасы ғұмырларын елдің ертеңі мен ұрпақтарының амандығына арнаған белгілі еңбек ардагерлері.
Бала кезінен Мараттың өнерге деген сүйіспеншілігі Талап ағасынан бастау алған.
Марат Мәулетұлы орта мектепті тәмәмдап, Орал мәдени-ағарту училищесінің «Аспапта ойнау» факультетінен бастап, 1992 жылы Дәулеткерей атындағы Батыс Қазақстан өнер институтына ауысқан болатын. Институт қабырғасында бірге оқып жүрген әріптестерімен «Кіші жүз» вокалды аспаптар ансамблінің құрылуына зор еңбек үлесін қосты. Жалындаған жастардан құралған ансамбль қалалық, облыстық концерттік бағдарламаларына қатысып, көптеген байқауларда жоғары дәрежелерге ие болды.
Айта кету керек, жоба авторы - теректілік педагог Үміткер Орынғалиев.
Ертай Бимұханов,
zhaikpress.kz