6.04.2021, 14:54
Оқылды: 44

Теректіге «қызыл судан» қауіп жоқ

Наурыз айында қар қалың жауып, ауа температурасы көтерілмеді. Тек айдың аяғына қарай күн жылына бастады. Күрт қозғалған қар жабыны еріп, сай-саланы қуалай жөнелді. Біздің ауданда да қар суының кетуіне дайындық қалай деген сауалды Теректі ауданының төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Жарас Көпжасаровқа жолдадық.

 чс су

- Жарас Нұрсұлтанұлы, көктемгі «қызыл су» кезеңіне алдын ала жасалынған дайындықтар жөнінде айта кетсеңіз.

- Төтенше жағдайлар бөлімі қызметкерлері көктемгі қар еруіне байланысты туындайтын су басу қауіптілігіне дайындалуды қыста, ақпан айында бастады. Біз жергілікті әкімдік қызметкерлері, №25, №12 өрт сөндіру қызметімен бірігіп, су басу қауіптілігі жоғары ауылдарда түсіндіру жұмыстарын жүргіздік. Яғни ауыл-үйді аралап, шатырдан қар түсіру, ауладан қар шығару, су жүру арналарын тазалауды айтып, арнайы нұсқамалар тараттық. Осындай рейдтерге еріктілер тобы да белсене қатысты.

- Соңғы аптада «көшені су басып жатыр» деген дабыл Постепный ауылында естілді. «Қызыл судан» қауіп бар ма? Су басқан көшелердің қазіргі жағдайы қалай?

- Аудандағы ең ірі елді мекен Подстепный ауылында Лесная көшесі, халық Таити деп атайтын ресми атауы ПДП 3/2 аумақтарында көшені су басу қаупі бар. Бұл жағдай көктемгі «қызыл су» кезінде жыл сайын қайталанып тұрады. Оған екі себеп бар. Үй салған кезде кей жерлерде табиғи су жүру арналарына кедергі салынып, көміліп тасталған. Сондықтан, су ылдиға, сайға қарай ақпай, тұрып қалады. Екіншісі, осындай жағдай болатынын білгенмен, тұрғындар қыста қар шығарып тастауға әрекет жасамайды. Тау-тау қарды есік алдына үйіп тастайды. Күн еріген кезде жол таппаған қар суы көшені басып, көлкіп жатып алады. Қазір көшелерде жағдай қалыпты. Орал қаласынан келген екі өрт сөндіру бөлімі, жергілікті әкімдік қызметкерлері күшімен су сорғызып жатырмыз. Басқа ауылдардан дабыл түскен жоқ.

чс

- Қар кеткенмен, өзен-көлдің мұзы қозғала қойған жоқ. Батыс Қазақстан облысы бойынша көктемгі су тасқынына қарсы тұру іс-шаралары жайындағы анықтамасында облыстық төтенше жағдайлар департаменті біздің аудандағы бес су қоймасын жөндеу қажет деген. Атап айтсақ, Төңкеріс ауылы маңындағы Ащы өзені, Приречное мекені маңындағы Қараоба өзендерінде қауіп бар. Барбастау өзенінің Покатиловка, Жаңа Өмір, Федоров ауылы маңындағы су қоймаларына да жөндеу жұмыстарын жүргізу қажетті көрінеді. Осы аталған нысандарды қызыл су жырып кетсе, халыққа, шаруашылыққа қаншалықты қауіпті?

- Ауданда барлығы 10 гидротехникалық нысан бар. Соның бесеуі қанағаттанарлық жағдайда. Бесеуіне жөндеу жүргізу керек. Жоғарыдағы сіз атап көрсеткен су қоймалары «2021-2023 жылдарға арналған тасқын суға қарсы тұру шаралары жол картасына» енгізілген. Ащы өзені мен Қараоба су қоймаларына осы жол картасы шеңберінде жобалық есептеу құжаттары дайындалды. Ал, Покатилов және Жаңа Өмір ауылдары маңындағы Барбастау өзеніне салынған су қоймалары «Жол картасына» енгізілді. Қазір аталмыш нысандарға қар суы құйылып жатыр. Гидротехникалық нысандар  транзиттік режимде, яғни, келген суды ағызып жібереді. Сондықтан, бөгеті жарылып, су жырып шығады деген қауіп жоқ.

- Қауіп жоқ дегенмен, оқыс оқиға бола қалған жағдайда жұмылдыратын техникалық күш дайындығы қалай?

- Аудан әкімінің орынбасары Амангелді Тоғызбаевтың төрағалығымен өткен төтенше жағдайларды жою және алдын алу комиссиясының хаттамалық тапсырмасына сай, 15 наурыздан бастап барлық ауылдық округтерде  кезекшілік  ұйымдастырылды. Олар су деңгейі, жол қатынасынан бастап, округтегі барлық жағдайды бақылап отырады. «От пен су – тілсіз жау» деген. Су қозғалған кезде төтенше жағдай бола қалса, құрамында жалпы саны 185 адамы бар 15 оңтайланған бригада жұмысқа жұмылады. Күні бүгін қолданыста 15 мотопомпа бар, бәрі де техникалық сенімді күйде. Жаңадан  тағы 5 мотопомпа сатып алынады. Бөгеттер бұзылса, тығындауға 4500  қап әзір. Қазір ауданда 7 тонна АИ-92, 6 тонна дизель жанармайы қоры бар.

Ауданда тасқан суға қарсы тұруға осындай дайындықтар жасалды. Халыққа көмек беруге дайынбыз.

Сұхбат жүргізген Камелия Өтеу

Теректі ауданы

zhaikpress

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале