Теректіліктердің қуанышына орай Қостанайдан жеткен ақжолтай хабарды сүйіншілеп, бөркімізді аспанға атудамыз. Тінін тарқатсақ, Қостанай қаласында бәйге түрлерінен ҚР чемпионатына аймақтық іріктеу турнирі өткен еді.
Сайып келгенде, ұлттық спорт түрлері бойынша ОБЖСМ бәйге бөлімінің спортшысы, подстепныйлық Саян Айболат 21 шақырымдық аламан бәйгеде І орынды қанжығаға байлады.
— Жасым 11-де, Подстепный қазақ жалпы білім беретін мектебінің 6 сыныбын аяқтадым. Сегіз жасымнан бастап атқа отырып, тоғыз жасымда бәйгеге шаптым. Осы жарыстардан басқа да сан алуан бәйгелерге қатысып, жүлдемен оралып жүрдім, - дейді Саян Ақылбекұлы.
Жеңімпаз ұлан осы уақытқа дейін 1 және 4 млн. теңге ұтып жүрсе, бүгін 5 млн. теңгенің сертификатына ие болды.
Айтпақшы, аттың аты «Дантист» болса, иесі Ержан Таңатаров екенін айта кеткен жөн. Дәл сол жерден көрсетілген тікелей эфирден Саян жерлестеріне, ата-анасына, сынып жетекшісіне дұғай сәлем жолдауды да ұмыт қалдырмады.
Самал Жамет
Теректі ауданы