Батыс Қазақстан облысы білім басқармасының 2021 жылғы 3 ақпандағы №93 бұйрығына сәйкес ағымдағы жылдың 2 наурыз күні «Дарын» қосымша білім орталығының ұйымдастыруымен білім алушылардың шығармашылығын дамыту, фильмдер, жарнамалар, репортаждар жасау процесіне ынталандыру мақсатында «Орал media» атты қашықтан облыстық байқауы өткен болатын.
Байқауға облысымызға қарасты 12 аудан мен облыстық балаларға арналған мамандандырылған ақпараттық технологиялар мектеп-лицей-интернатынан барлығы 45 оқушы қатысты.
Байқау «Жақсы іс», «Әлеуметтік ролик», «Әзілің жарасса» атты номинациялар бойынша өрбіген. Сайып келгенде, Теректі аудандық балалар шығармашылық үйінің «Жас тілші» үйірмесінің мүшесі Аделия Сәрсенова (жетекшісі Үміткер Орынғалиев) «Жақсы іс» номинациясы бойынша ІІ орынға ие болып, аудан намысын лайықты деңгейде қорғай білді.
Аделия «Теректі» шаруа қожалығының басшысы, аудандық мәслихат депутаты Сержан Идиятовпен «Теректі білім әлемі» жобасы аясында сұхбаттасып, 3 минуттық видео-ролик түсірген. Облыс бойынша үздіктер қатарынан көрінген жас теректілік жетекшісіне, сонымен қатар видеоны таспалап, монтаж жасаған жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының ақпараттық талдау маманы Еламан Зейнулинге ерекше алғысын айтады.
Байқау жеңімпазы облыстық білім басқармасының дипломымен марапатталған.
Әділет Зере,
Теректі ауданы