«Қуанышымда шек жоқ. Шынымды айтсам дәл осылай болады деп күтпедім. "SANREMO JUNIOR" халықаралық байқауына еліміз бойынша іріктеу жүріп жатқандығын естігенмін.
Шәкірттерімнің ішінен Әміржан Бауыржан есімді кішкентай талантымды дайындадым. Өзім "Қара балам" деп еркелететін Әміржаным ең алдымен онлайн іріктеуден өтіп, еліміз бойынша 51 бала жартылай финалға жолдама алды. Солардың қатарында менің қара балам да болды. Ақтөбеге қаласына жолға шығып, сол 51 бала өз өнерін ортаға салды. Солардың арасынан 12 бала финалдық кезеңге өтті. Аталмыш додада шәкіртім Әміржан да 12 мықтының қатарына ілікті. Біз үшін бұл үлкен жетістік еді. Алайда, үміт бізді тағы бір қадам алға жетеледі.
Жуырда халықаралық деңгейдегі байқаудың республикалық кезеңінің жеңімпаздары анықталды. Қазылар алқасында болған Айман Мұсаходжаева, Димаштай ұлды толғатқан Светлана Айтбаева, еліміздегі жалғыз контральто дауысты әнші Батырхан Смақов, эстрада әншісі Диана Шарапова, Димаш Құдайбергеннің ұстазы Марат Айтимов және Италья мемлекеті өкілі Сара Менегхерти секілді мықтылар теректілік таланттың да өнерін жоғары бағалады. Қорытындысында Батыс Қазақстан облысының және Теректі ауданының намысын қорғаған Әміржан Бауыржан жүлделі 3 орынды жеңіп алды. Ұстаз ретінде және аналық жүрегіммен қуанып отырмын. Әміржан үшін бұл алғашқы үлкен дода. Үздік үштіктен көріну - жоспарды асыра орындау деп білемін. Бізді қолдаған Теректі аудандық саз мектебі басшылығына және Әміржанның ата-анасына шексіз алғысымды білдіремін», - деп Теректі балалар музыка мектебіндегі вокал класының мұғалімі Гүлназ Кусайнова жүрекжарды тілегін жеткізді.
Әміржан Бауыржанның өнеріне республиканың түкпір-түкпірінен келген вокал бағытының мамандары жоғары бағасын берді. Әміржандай шәкіртінен зор үміт күтетін ұстазының алдағы уақытта алар асуы мол деп сенеміз.
Т.Тоқмамбетов,
Теректі ауданы