30.03.2021, 17:56
Оқылды: 24

Теректілік азамат жеке құжат алды

Кеше теректілік Серік Джумагулов деген азамат 51 жасында алғаш рет Қазақстанның толыққанды азаматы атанып, жеке басын куәландыратын құжатқа ие болды. Таң қалмаңыздар. «Сандық Қазақстан» қалыптасып, екінің бірі анықтама-құжатты жай смартфонмен алатын бүгінгі күндері жеке басын куәландыратын құжаты жоқ адамдар бар арамызда.

 миграцион11

Осы орайда Батыс Қазақстан облысы аумағында 2020 жылдың 24 қыркүйегінде жеке басты куәландыратын құжатсыз жүрген тұлғалардың құқықтық мәртебесін айқындау акциясы басталған болатын.

- Жеке куәлігін немесе туу туралы куәлікті қайта рәсімдеу – өте қиын мәселе. "Қызыл паспортпен" жүрген азаматтар қай елде туса, 1991 жылдан бастап сол елдің азаматы болып есептелінеді. "Қызыл паспортты" алмастыру үшін әр елдің елшілігіне хабарласып, арызданушы азаматтың сол елдің азаматы ма, жоқ па деген сұраққа жауап беретін анықтама сұратамыз. Бұл анықтамасыз Қазақстан азаматтығы берілмейді.

Ауданда құжатталмаған адамдар бар. Жыл сайын он шақты адамның жеке басы құжатын жасатамыз. Әлі де құжатсыздар бар. Көбі «ащы суға» әуестер.  Құжатын жоғалтып алғандар бар. Бәріне себеп – салғырттық. Адамның өзі құжат жасатуға ұмтылмайды. Немесе, бастайды да аяғына жеткізбей, тастай салады. Кейбірі «ақшам жоқ» деген «керемет» сылтау айтады. Ондай адамдарға қолданатын шара біздің қолымызда жоқ. Мәжбүрлеп әкелуге негіз жоқ. Кеңес береміз, жол сілтейміз. Азаматты жеке басына қатысты анықтамаларды жинап әкелуге  үгіттейміз. Мұрағат, азаматтық хал актілерін тіркеу органына сұраныстар жолдаймыз. Алдымызға келген әр адамның Қазақстан азаматына тиісті құжат алып, Конституциямен бекітілген барлық құқық-міндеттерінің қорғалуы және орындалуы – біздің қызметтік мүддеміз, - дейді аудандық полиция бөлімінің көші-қон қызметі тобының инспекторы, полиция капитаны Әділбек Баймұханов.

Серік Джумагуловтың жеке құжат алуына да бар мүмкіндікті осы инспектор Ә.Баймұханов жасаған.

1970 жылы Теректі ауданының Шөптікөл ауылында дүниеге келген Серік Бақтығалиұлы Кеңес үкіметі кезінде алған қызыл паспортын 1992 жоғалтып алған. Содан бері, бақандай 29 жыл құжатсыз жүрген. Жеке құжаты болмаған соң, ауылдан алысқа шыға да алмаған. 51 жасында жеке куәлік алған ол полиция қызметіне, әсіресе, аудандық полиция бөлімінің көші-қон қызметі тобының инспекторы, полиция капитаны Әділбек Баймұхановға алғысын айтып отыр.

Жеке басты куәландыратын құжатсыз жүрген тұлғалардың құқықтық мәртебесін айқындау акциясы биыл мамыр айында аяқталады.

Сондықтан, жеке құжатсыз жүрген жерлестер, мүмкіндікті жіберіп алмаңыздар.

Жеке куәлігі жоқ азамат мемлекеттік тегін медициналық көмекті пайдаланбайды, ресми түрде жұмысқа орналаспайды, шетелге шықпайды, заңды некеге тұрмайды, заңда белгіленген құқықтары мен мемлекеттік әлеуметтік көмектерді иеленбейді. Тіптен, баласына туу туралы куәлігін рәсімдей алмайды. Міне, бала дүниеге келсімен басталуы тиіс құжаттау шарасына «ұзын арқан, кең тұсау» қараудың салдары осындай болады.

Ауданда 40 мыңдай тұрғын бар. Соның ішінде құжатсыз жүргендер қанша адам? Белгісіз. Жеке басты куәландыратын құжат алу – әр адамның өз ісі.

Құжатсыздық қараңғы жерде жарықсыз жүргенмен тең. Алдыңнан кездескеннің барлығы кедергі келтіреді. Жарықты жағу қиын емес. Тек, құнт керек. Өзіңіз үшін, бала-шағаңыз үшін құжатқа құнтты болыңыз.

 

Камелия Өтеу,

Теректі ауданы  

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале