Теректі аудандық балалар шығармашылық үйінің қосымша білім беру педагогі Манас Аққожин және «Кеме үлгілеу» үйірмесінің мүшелері Орал қаласындағы «Орал«Зенит» зауыты» АҚ экскурсияға барған болатын.
Айта кетейік, «Орал«Зенит» зауыты» АҚ — өңіріміздегі көшбасшы әрі ежелгі кәсіпорындардың бірі. Өз тарихында арнайы теңіз техникасын шығарумен танылған зауыт қазіргі таңда өндірістік-техникалық мақсаттағы өнімдерді шығарумен айналысады. Бүгінгі таңда бұл кәсіпорында 750-ге жуық қызметкер еңбек етуде.
Кеме үлгісін жасау спорты бойынша республикалық спартакиадалардың бірнеше дүркін жеңімпазы Ерасыл Есқара өзінің әсерімен бөлісті.
— Бүгін мен үшін ерекше күн болды. Көптен естіп сырттай біліп жүрген Зенит зауытына экскурсияға бардық. Қызығушылығым осы салада болғандықтан жақсы әсер алдым. Зауыттың мұражайынан көптеген заттадың тарихына қанық болдым. Соғыс қаруынан басқа ыдыс-аяқ, газ горелкаларын өндіретінін сол жерден білдім. Ал өндіріс цехына кірген кезде алған әсерімді айтсам, жұмысшылардың барлығы құр босқа жүрмей, жұмыс үнемі қызу жүріп жатандығы бірден сезілді. Зауыттың өндіріс цехтарының бірінде әлі стапельде тұрған көп мақсатты әскери кеменің өлшемдерін көргенде айтарға сөз таппадым. Ұзындығы 51, ені 9,5 метр, су ығыстыруы шамамен 720 тонна болатын кеме әнебір үлкен емес, бірақ ол зауыт үшін ең үлкен кеме екендігі зауытты келесі сатыға шығарады. Осы экскурсия үшін Теректі ауданы әкімі Тілек Александрұлына, жетекшім Манас Исмағұлұлы мен «Орал«Зенит» зауыты» АҚ-ның бас директоры Вячеслав Валиевқа алғысымды білдіремін, - деді ҚР спорт шебері Ерасыл Есқара.
Үміткер Орынғалиев,
Теректі аудандық балалар шығармашылық үйі
директордың міндетін атқарушы