Теректінің танымал тұлғаларымен еркін тақырыпта сөз қозғап жүрген «Теректідегі тебіреніс» жобасы коронавирусқа байланысты қазіргі шектеулер тәртібін орындап, онлайн нұсқада өткізілуде.
Жоба жүргізушісі Үміткер Орынғалиев осы жолы теректілік киім дизайнеры Жәмила Өтепқалиевамен аудандық «Теректі жаңалығы» газетінің фейсбук әлеуметтік желісіндегі парақшасы арқылы тікелей эфирде кездесті.
Жоба қонағы – Жәмила Серікқызы ұлттық нақыштағы заманауи киім үлгілерімен өңір жұртшылығына танылып үлгерген жан. Сондықтан да әңгіме әдемілік, ұлттық болмыс жайында өрбіді.
Университеттен дизайнер мамандығын меңгерген Жәмила Серікқызы алғашында өзінің қос бүлдіршіні мен бауырларына арнап киім тігуден бастаған екен.
Қазіргі сұранысқа ие «ана мен қызы» үлгісінде қазақи ою-өрнекпен көркемдеп көйлек тіккен, камзол-бешпентті оқалаған Жәмиланың қолынан шыққан киім үлгілері астанаға дейін жетіп, сән әлеміне көрінді. Дизайнер өз жұмысында үлкен топты қамтып отыр. Әр бағытта - сәнді кешкі көйлектер, спорттық, күнделікті киімдерді тігетін ісмер ханымның қолынан шыққан туындыға ортақ белгі – қазақы нақыш, ою-өрнек. Шапан-камзол, төгілген қос етек көйлекке сән беретін қазақы нақышты қазіргі замандғы киімдерге бейімдеу оңай емес. Дегенмен Жәмила оюларды «сөйлетудің» тілін тапқан. Былтыр ол Атырау қаласында, Ш.Сариев атындағы көркемсурет және қолданбалы-сәндік өнер музейінде өткен республикалық «Оюлар сөйлейді» фестиваліне қатысып, алғысхат пен 50 мың теңге сертификатын иеленді.
Облыстағы «Дизайнерлер ассоциациясына» мүше болып енген Жәмила ханым осы бірлестіктің мақсатын айтып, өз жоспар-жобасымен де бөлісті.
Сұхбат барысында желі арқылы келіп түскен көрермендер сұрақтарына да нақты, қысқа да нұсқа жауап қайтарып отырған Жәмила Серікқызы ана мен қыз арасындағы қарым-қатынас, жастардың киім талғамы жайына, «қолмен жасалған», «бір дана» киімдердің неден қымбат болатынына да тоқталды. Бүгінгі жетістіктеріне «ата-анам, жұбайымның қолдауымен жеттім» деп, оларға алғыс сезімін жеткізген Жәмила Серікқызы жаңа туындыларға ынталандыратын қос қанаты – Аянаты мен Ақниеті екенін де айтты.
«Адам өз күшіне сенуі керек» деген ұстаныммен, әр күнін ізденіс, еңбек үстінде өткізетін Жәмила Серікқызына тікелей эфир кезінде «сәтін салсын» деп, ақ тілек жолдағандар болды.
Біз де сол тілектерге қосыламыз.
Теректінің тектілерін түгендеген «Теректідегі тебіреніс» жобасында тағы да бір қызықты тұлғамен кездесейік!
Камелия Өтеу
Теректі ауданы
zhaikpress.kz