14.08.2025, 9:45
Оқылды: 443

Теректілік еңбек ардагері Сағидолла Бисенғалиұлы 85 жаста

Теректі ауданының әкімі Әлия Мұханбетжанова бастаған бір топ азамат ауданымыздың құрметті азаматы, ардагер, сексен бестің сеңгіріне сергек жеткен Сағидолла Бисенғалиевті мүшел жасымен құттықтау үшін шаңырағына барып, облыс әкімінің және аудан әкімінің құттықтау хатын, сонымен қатар гүл шоқтары мен кәделі сыйлығын табыстады.

WhatsApp Image 2025-08-13 at 19.00.44 (1)

Сағидолла Бисенғалиұлы ғұмырын елдің дамуына жұмсаған. Ол сонау 1940 жылы Чапаев ауданына қарасты Аңқаты ауылында тамыз айында дүниеге келген. 1959 жылы Орал қаласындағы ауыл шаруашылығы техникумына оқуға түсіп, Тайпақ ауданындағы «Есенсай» совхозында зоотехник болып алғашқы рет еңбек жолын бастаған. 1962 жылы Орынбор қаласындағы ауыл шаруашылығы институтына оқуға түсіп, оны бітірген соң «Аңқаты» асыл тұқымды зауытында селекционер болып еңбек етті. 1975-1982 жылдары Ақжайық ауданындағы «Еңбек» совхозының партия комитетінің хатшысы болып сайланды. 1982-1987 жылдары Ақжайық аудандық партия комитетінің ұйымдастыру бөлімі меңгерушісі қызметін атқарды. 1987-1992 жылдары Тайпақ ауданындағы «Есенсай» совхозының директоры болды. 1992 жылы Ақжайық ауданының экология және биоресурстар басқармасының бастығы қызметін атқарды. 1993 жылдан бастап Ақжайық аудандық әкімдігі жанындағы экономика комитетінің төрағасы болып жұмыс істеді. 1995 жылы аудан әкімінің бірінші орынбасары қызметіне тағайындалды. Ақжайық ауданы таратылғаннан кейін Теректі ауданының ауыл шаруашылығы бөлімі бастығының орынбасары қызметін атқарды. 1999-2003 жылдар аралығында Теректі аудандық мәслихатының хатшысы болып сайланды. Міне, сонау 1959 жылдардан бастап тапжылмай елмен бірге қызмет жасаған ел ағасы Сағидолла Бисенғалиұлы бүгінде 85 жасқа келіп отыр. Қазіргі уақытта құрметті демалыста болса да, әлі күнге қоғамнан алыстаған емес. Ақыл-кеңесін айтып, жөн сілтеп отыратын Сағидолла ағамыз секілді білікті мамандардың ортасы азаймасын.

 

Қ. Саясатова,

Теректі ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале