23.02.2021, 16:17
Оқылды: 42

Теректілік кітапқұмар өренге – велосипед

Теректі ауданының Приречный орта мектебіндегі «Бір күн кітаппен!» жобасы аясында бастауыш сыныптағы бүлдіршіндер ертегі оқып, орта, жоғары буын оқушылары қазақтың классиктері Абай Құнанбаев, Қадыр Мырза Әли, Мұқағали Мақатаев және т.б. ақын-жазушылар шығармаларымен жақын танысты. Былтыр қарашада басталған шара биыл аудандық деңгейде жүріп жатқан «Оқуға құштар мектеп» жобасымен жалғасты.  

 1111

- Балалардың сауаттылығын арттырып, рухани дамуын, ана тіліне сүйіспеншілігін арттыруға бағытталған жобаны біз педагогикалық ұжым болып ұйымдастырдық. Жеңімпазға беретін бас жүлдені де дайындап қойдық. Жоба шеңберінде бастауыш сынып оқушылары арасында «Ертегілер әлемінде»-«В гостях у сказки» сайысы өтті. Ертегі айтып жарысқан балалардың ішінде он бес ертегі оқыған Мөлдір Сағынғалиеваға тең келер қарсылас болмады. Ильнара Нарықова он бір, Кристина Косенко тоғыз, Мансұр Есіркеп пен Әділет Жайлаубаев жеті ертегімен кітап арқылы танысқан.

Мектептегі орта буын сыныптарындағы оқушылар үзілісте жиналып кітап оқиды. Ал жоғары сыныптардағылар өздері оқып шыққан туындылар бойынша эссе, шығармалар жазады, - дейді жоба жетекшісі, кітапханашы Алтын Бакисова.

«Бір күн кітаппен!» жобасы наурыз айында өз мәресіне жетеді.

Жобаның бас жүлдесі – су жаңа велосипед мектеп дәлізінде жеңімпазды күтіп тұр.

Гүлстан Сатыбалдиева,

Теректі аудандық білім беру бөлімінің баспасөз хатшысы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале