24.10.2024, 21:35
Оқылды: 103

Теректілік Құралай Мақашева – 38 жылын кітапханаға арнаған жан

Мамандыққа адалдық танытуды, бір салада тұрақты болуды кім үйренгісі келеді? Иә, бұл әсіресе жастарға керек қасиет. Бір жұмыстан келесі бір жұмысқа ұшып-қонып жүру кәсібилік деңгейімізді арттырмасы анық дүние. Кейіпкеріміз Құралай Мақашеваның руханият ордасында кітапханашы болғанына биыл тура 38 жыл болады екен. Осынша жыл ішінде нағыз тісқаққан маман болып қалыптасқан Құралай Жұмажанқызы туралы әріден тарқатуды жөн санадық. Ол 1966 жылы 20 ақпанда Теректі ауданының Сарыөмір ауылында дүниеге келген. Әкесі қарапайым көлік жүргізушісі болса, анасы алтын құрсақты ана.

IMG-20241016-WA0050(1)

– Бала кезімізде үйде газет-жорналдар көп болатын. Отбасы болып жарыса оқитын едік. Мектепте оқу озаты болып, қоғамдық жұмыстарға араластым. Үйде сабақпен бірге, көркем əдебиетті бірге оқитын едім. Сол əдет əлі бар. Жолсапарға шықсам, кітаптарымды ұмытпаймын.1983 жылы мектепті аяқтап, бір жылдай Шалқар фермасында бастауыш мұғалімі болып жұмыс істедім. 1984 жылы Орал мəдени ағарту училищесіне оқуға түстім.1986 жылы кітапханашы дипломын алдым. Еңбек жолымды Дуана ауылдық кітапханасында кітапханашы болып бастадым, - деді Құралай Мақашева өз сөзінде.

Тұрмыс құрып, Аңқаты ауылына аттанса да, осы мәртебелі мамандықты жолда қалдырмаған ол – бүгінгі таңда Подстепный жалпы орта білім беретін мектебінің кітапханашысы. Әйгілі жазушы Борхестің: «Әркім жұмақты әртүрлі елестетеді, маған ол әу бастан кітапхана бейнесінде елестейді» дегені бар. Расында да, кітапхананың барша адамзаттың өркениетті қоғамға жылжуында рөлі орасан. Әр жұмыстың өзіне тән қиындығы болатынын ескерсек, кітапханашы:

– Біздер әр саланың жілігін шағып, майын ішпесек те барымызша жан-жақты болуға тиіспіз. Мұғалімдер өздері жауапты пәндерді балаға түсіндірсе, кітапханашылардың барлық пәннің жиынтығы сияқты. Жаратылыстану бағытында, шет тілдерінен, әдебиет, тарих пәндерінен оқушылар олимпиадаға баратын болса, біздің ұстаздар ең әуелі мектеп кітапзанасына келіп ақпарат сұрайды. Ізденімпаз әр оқырманның сұрағанын тез арада тауып беруіміз қажет. Одан бөлек жақсы қарым-қатынас көрсету біздің мамандықтың басты міндеті. Сондай-ақ әдеби іс-шараларды жиі өткізіп, оқушылардың бос уақытын тиімді өткіземіз, - деді тәжірибелі кітапханашы.

Подстепный мектебінің оқушысы Айзада Хайыр өзінің айшықты ойын жеткізді.

IMG-20241016-WA0051(1)

– Әр мамандықтың қызығы мен қиындығы қатар жүреді. Сөредегі дайын кітап пен кітапхана қорына түскен кітаптың арасында кітапханашының еңбегі жатыр. Кітапханашылар көбіне сыныптарды аралап жүріп те, балаларды жаңа оқулықтармен таныстырып, көркем әдебиеттерді оқытады. Мұны Құралай Жұмажанқызы «Өкінішке қарай қазіргі қоғамда өз еріктерімен кітапханаға келетін бала азайды. Жас ұрпаққа кітап оқығанға қарағанда гаджет маңызды. Бірақ солай болды екен деп, билікті смартфонға бере салуға болмайды. Қолдан келгенше сынып аралаймыз, кітапқа құштарлықтарын оятамыз» деп, түсіндірді. Апайдың кәсібилігінен бөлек адамгершілігі мол, өте қарапайым жан екенін мектеп оқушысының бәрі біледі ғой. Нағыз кітап оқитын жаны жайсаң адамның үлгісі, - деді асқан сүйіспеншілікпен.

Кейіпкеріміздің еңбек жолында қызықты оқиға жетерлік. Соның бір үзігін өз аузынан естідік.

– Еңбек жолымда қызық көп қой. 2003 жылы болуы керек шамасы. Оқу жылы аяқталып, оқулықты жинап, енді іштерін желімдеп отырсам, бір кішкентай қыз келіп, «Ана тілінің» ішінде 100 теңге ақшам қалып кетті» дейді. Содан барлық кітаптарды қарап, таба алмадым 100 теңгесін. Ішімнен бала көңіліне күлгенім бар, - дейді.

Кейін іркілмей, сөзін жалғап кетті.

– Ертеректе бұрынғы Чапай ауданы жабылып, бір зил машинасымен кітап əкелгенім бар. Сонда жүгім көп болса да, кітаптарымды тастамадым. Ол кезде түсінік басқаша болды. Қазір сөйтіп, кітап арқалап жүрсең күлетін, мысқылдайтын өліара кезеңге тап болдық. Қынжыламын қатты. Мектептегі балалар сабағына қатысып, үйлеріне тарайды ғой. Ал үйде тәрбие басқа. Өздерінің ата-анасы бар дегендей. Сосын өзімнің балаларыма, немерелеріме кітап оқыңдар деуден жалықпаймын. Шүкір, балаларым тәрбиелі, ақыл-ойы ұшқыр. Әр ана ұрпағының кеудесіне білім сәулесін құюмен айналысса деймін, - деді жанашырлықпен.

Құралай Мақашеваның Астана қаласында тұратын немересі Хамза әжесіне ұқсап туған екен. Тіпті кітап кеміргіштігі де аумай қалыпты. Әжесі сәби кезінен ертегі, батырлар жырын оқып беретін болған. Ой, шіркін-ай... Жаңа ғасыр бүлдіршіндері батырлар жыры былай тұрсын, бесік жырын тыңдап өсе ме? Бұл сұраққа келгенде тіл тістеп қалуымыз әбден мүмкін.

Бір бұлжымас ақиқат кітапхана технологиялар жарық көрместен бұрын адамзаттың бағдарына айналды.

Ақтілек Әлібекұлы

Теректі ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале