18.08.2024, 16:30
Оқылды: 130

Теректілік Өтеген өскелең ұрпақпен бірге!

Кез келген саланың өткені мен бүгіні болады. Кеше қандай едік, бүгін қандаймыз? Бұл сұрақты Теректі ауданының ардагер спортшысы Өтеген Мүбарак тарқатты.

InShot_20240818_162355502

Заман дамыған сайын спорт та өз алдына өркендейді. Мұны жоққа шығаруға болмас. Өйткені сол кезеңдердегі құрал-жабдықтардан бастап, спортшыларға деген қолдаудың өзі өзгерді.

Оны ардагер спортшының өз ауызынан естідік. Өтеген Ғабдулұлы 2003-2011 жылдар аралығында балалар шығармашылық үйінде, балалар спорт мектебінде шахматтан, дойбыдан, тоғызқұмалақтан үйріме жетекшісі болған.

Оқушылары үмітті ақтап, қоржынға жүлде сала білген. Шәкірт тәрбиелеп жүріп өзі де спорттан қалыс қалмаған. Әсіресе ұлттық ойындарға аңсары ауған ол асық атудан төрт мәрте ел чемпионатына қатысқан.

-Жылдан-жылға жоғы түгенделіп, қуанышы еселеп жатқанына өзім куәмін. Жастардың даму деңгейіне ризамын. Біздің кезімізде мұндай мүмкіндіктер болмады. Расы керек, қазір спортпен шұғылданамын, жарыстарға қатысамын деген жастарға тосқауыл жоқ. Облыстық додаларда бақ сынау үшін аудан әкімдігі барынша қолдап келеді. Әркім өз шамасы жеткенше тиісті қолдауларға ие. Шын мықты, шын дарынды спортшыларға өзін дәлеледеу үшін еш кедергі жоқ. Бұқаралық спорттың, ұлттық ойындардың қайта жаңғырып жатқаны біз сияқты ардагерлерге зор қуаныш. Өзім бала кезімнен асық атуға, тоғызқұмалақ, шахматқа, ләңгі тебуге ерекше құштармын. Бір кездері кенжелеп қалған ойындар тәуелсіз Қазақстанда Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың арқасында қайта тынысын алды. Алда Астана қаласында Дүниежүзілік көшпенділер ойыны өтеді. Осыны насихаттау үшін және жастардың бойына ұлттық құндылықтарды дарыту үшін іс-шаралар өтіп жүр. Соның ішінде садақ атудан Теректі жастарының талпынысы мықты,- деді өз сөзінде.

Өтеген Мүбарак қой көтеруден 50 жастағы жандар арасында жеңімпаз атанып, 5 қойды жеңіп алыпты. Әлі күнге дейін бойындағы спортқа құштарлығы тарқамаған, жастармен иық тіресіп қызмет етіп жүрген кейіпкеріміз республикалық «Спорт жұлдыздары» журналы ұйымдастырған сайыста дойбыдан бастап, көпсайысқа дейін бірнеше дүркін жеңімпаз атанды.

Өскелең ұрпаққа дем беріп, спорттың бел ортасында жүрген ардагер Теректі ауданының спорты тарихында қалады. Оған ешкім күмән келтірмес.

Ақтілек Әлібекұлы,

Теректі ауданы

 

 

 

 

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале