Теректі ауданында шағын футболдың тасы өрге домалап тұр. Олай дейтін себебіміз, теңбіл доп шеберлері барған жарыстарынан ешқашан бос қайтқан емес. Облыста шағын футболдан Теректі ауданы мықты дегенге көбісі келісетін де сыңайлы.
Күні кеше Ақжайық ауданында аталмыш ауданның мәдениет және спорт саласына елеулі үлес қосқан, қыршын кеткен талант Дәулет Шамеловты еске алуға арналған ерлер командалары арасында ашық облыстық турнир өткен болатын. Айтайын дегеніміз, осы турнирде Теректі ауданы командасы І орынды жеңіп алса, Қобыланды Армишев доп додасының «Үздік қақпашысы» атанған.
Шағын футболдан тек ересектеріміз емес, кішкентай балғындарымыз да дес берер емес. Азамат Ибатов жаттықтыратын балаларымыз Бәйтерек ауданында бәсеке көрігін қыздырды. Нақтыласақ, спорт ардагері А.Любавин және футболшы Г.Тереховты еске алуға арналған ересектер мен 2009-2010 жылдары туған оқушылар арасында шағын футболдан аудандық ашық турнир оздырылды. Турнирге Теректі, Бәйтерек, Орал қаласынан командалар қатысып, өзара кім мықтыны анықтады. Нәтижесінде Теректі ауданының 2009-2010 жылы дүниеге келген оқушыларынан құралған команда ІІ орынды жеңіп алды. Команда ойыншысы Ерсанат Тілепқали «Үздік шабуылшы» аталымында жеңімпаз атанған.
Әділет Әлібекұлы,
Теректі ауданы
zhaikpress.kz