«Jas tolqyn» жас таланттар конкурсының жеңімпазы атанған теректілік «Телқоңыр» ансамблі Мәскеуді де бағындырды.
Конкурс бес номинация бойынша өткен екен. Қатысушылар «Хореография», «Вокал», «Дәстүрлі ән өнері», «Аспаптық жанр», «Көркем сөз» бағыттарында бақ сынаған.
Дәстүрлі ән өнері бойынша жеңіс тұғырынан көрінген топ халықаралық деңгейдегі әділқазыларды тәнті етті.
Міне, бүгін жаһанды мойындатқан ансамбльді әуежайдан аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, спорт және дене шынықтыру бөлімінің басшысы Лунара Сердалиева, аудандық саз мектебінің директоры Азамат Қалиев пен аталған мектеп ұжымы, аудандық білім беру бөлімінің әдіскері Нұрперзент Бөлебай мен оқушылардың ата-аналары қарсы алды.
Азамат Қыдырбайұлы елдің намысын биіктеткен жас таланттарға лебізін білдірді. Өз кезегінде «Телқоңырдың» жетекшісі Дәурен Жұмағалиев те сөз алып, мұндай құрметке алғысын айтты және осындай мүмкіндік беріп, қолдаған барша аудан жұртына ризашылығын жеткізді.
Баршаңызға мәлім, осыдан бірер ай бұрын тағы бір теректілік жас таланттар, яғни үлгілі «Өркен» балалар вокалды ансамблі Түркия мемлекетінде Гран-при жеңіп алып, аудан атын халықаралық деңгейге көтерген-тұғын.
Ақтілек Әлібекұлы
Теректі ауданы