12.02.2025, 9:00
Оқылды: 373

Теректілік тігінші Меруерт

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында «Кәсібилік пен еңбекқорлық қоғамымызда ең жоғары орында тұруы қажет. Елімізде еңбекқор адам, кәсіби маман ең сыйлы адам болуға тиіс. Осындай азаматтар мемлекетімізді дамытады.

image-03-02-25-10-44-3

Біз қарапайым еңбек адамына құрмет көрсетуіміз керек. Қандай кәсіппен айналыссаң да, оны сапалы атқару маңызды», – деген еді. Әрине, әр саланың қиындығы мен қызығы болып тұрады. Өз кәсібінің шебері болу әрбір жанның мамандыққа деген жауапкершілігінен бастау алары сөзсіз. Жаздың аптап ыстығы мен қыстың қақаған аязында қолайсыз жағдайдың бел ортасында жүретін еңбек адамының қызметі ерен. Дәл осындай еңбегімен ел алқауына бөленіп, көне шаһардың көркеюі жолында аянбай еңбек етіп жүрген азаматтар аз емес. Жуырда Ұзынкөл ауылдық округіне барып, ауылдың тыныс-тіршілігімен танысып қайттық. Қазіргі таңда қай ауылға барсаңыз да, ауыз суы әр шаңыраққа кіріп тұр. Жолы төселген. Шаруалар өзінің қолға алған ісін дөңгелетіп отыр. «Жақсыны көрмекке» дегендей, осы ауылда он саусағынан өнер тамған ісмер Меруерт Өмірханқызының тұратынын естіп, жұмыс орнына арнайы бардық.

– Негізінен, үйден іс тігіп, ауылдастарыма қолұшымды беріп жүргенмін. Киімдерді қысқарту, пішу секілді жұмыспен айналыстым. Бір кездері ауыл әкімі үйіңізге қарағанда арнайы қызмет орныңыз болғаны жақсы болар еді деп, ауылдық клубтың бір бөлмесін алып берді. Шынымен де, ауылдастарға келіп, өзінің шаруасын бітіруге ыңғайлы екен. Бірден тауып берген орынға шығып кетуге ыңғайы болмады. Себебі үйде науқастанып отырған қайын атамыз бар. Ол кісіге де қарайлау керек болғасын, сәл кідіріс болды. Бұл іспен жас кезімнен айналысамын. Қыздардың көйлегін тігемін. Балабақшаларға ойыншықтар мен қуыршақ театрына костюмдер тігіп дайындаймын. Әкімдік арқылы 2009 жылы кәсіпкерлік курсын оқып, сертификат алдым. Алдағы уақытта 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне орай пакеттерден гүл дайын - деп жатырмыз. Туған жерім – Шығыс Қазақстан облысы, Өскеменнің қызымын. Осы жаққа тұрмысқа шыққаныма 27 жыл болды. Жолдасым Азамат Урахов – Шағатай ауылының тумасы. 16 жылдан бері осы Ұзынкөл ауылында тұрып жатырмыз. Екі ұлымыз бар. Екеуі де отбасын құрып, өз алдына өмір сүруде. Үлкен ұлымыз – әскери адам. Тараз қаласында қызмет жасайды. Кіші ұлымыз Орал қаласында отбасымен тұрады. Бойыңда өнерің болғаннан кейін оның мәңгі тығылып жатуы мүмкін емес екен. Бір күні болмаса, бір күні сыртқа жарып шығады. Менің осыған көзім жетті. Сол секілді қолынан іс тігуге икемі, қабілеті бар жастар болса, осы кезден бастап қамданғаны дұрыс. Бойдағы бар қабілетті тұншықтырғанша, халыққа пайдамыз тисін деп, ауылдық округ әкіміне жолыққан едім. Ол кісі бірден қолдай кетті. 2020 жылы «Атамекен» кәсіпкерлік палатасы арқылы екі іс машинасын алдық. Бір іс машинасы жұмыс орнымда, екіншісі үйде. Яғни қолға алған ісімді тоқтатпаймын. Жұмыста не үйде болсын, ісімді жалғастыра беремін. Жалпы, ауылдастарымнан қолдау бар. Бір кішкентай шаруа үшін қалаға шаппайды. Іс тігу, киімдерді жөндеу керек болса, қолымнан келген жәрдемімді аямаймын. Екі түрлі тігін машинасы сақадай сай дайын тұр. Біреуі өндірістік қарапайым болса, екіншісінің төрт түрлі жіппен қатар тіге беретін мүмкіндігі бар. Алдағы уақытта кәсібімді дамытуға қатысты жоспар құрып қойдым. Ауылдың жастарын да осы іске тартып жүрмін, білгенімді үйретіп дегендей. Қыздардың іс тігуге бейімі болғаны жақсы. Қазіргі уақытта фото аймақ дайындап жатырмыз. Бұйырса, ол да халық игілігіне беріледі. Халықпен, ауылдастарыңмен тығыз байланыста жұмыс істегенің өзің үшін де жақсы. Қолымыздан іс келіп, тұрып жатқан ауылымның керегіне жарасақ, оның өзі үлкен бақыт, – деді ұзынкөлдік Меруерт Урахова.

image-03-02-25-03-09-4

Сонау бір жылдары әжелеріміздің киіз басып, ән шырқап, бір-бірімен әңгімелесіп, тату-тәтті араласып, қандай жұмыс болса да соңын мерекеге айналдырып жіберетінін көріп өстік. Іс тігіп, ұршық иіріп отырғанын шапқылап ойнап жүрсек те байқап қалатынбыз. Ала таңнан қара кешке дейін тыным көрмейтін аналарымыздың еңбегі өлшеусіз ғой. Қызмет бабымен ауылдарды аралап жүргенде үйінен іс тігіп, тегіс матаны пайдасына жаратып жатқан нәзік жандыларды көріп, барына шүкір айтамыз. Осындай іскер жандарды кездестіргенде сол манағы айтқан тыным көрмей, тізе бүкпестен еңбек еткен әжелердің сарқыты ма деп қаласың.

Темірболат Әнуарұлы,

Теректі ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале