Биыл Теректі ауданында алтын ұясымен қоштасқан 303 шәкірттің 263-і ҰБТ-ға қатысып, бағын сынады. Білім додасының нәтижесіне сүйенсек, аудан бойынша орташа балл 69,1-ді құрайды. 45 шәкірт 100-ден жоғары балл жинаған. Ең жоғары 131 балл Теректі аудандық лингвистикалық гимназиясының түлегі Нұрсұлтан Утегалиевке бұйырды.
Нұрсұлтан Жұмабайұлы - Долин ауылдық округінің тумасы. Гимназияда 2015 жылдан бері оқиды. «Алтын белгі» иегері. Таңдаған пәндері - география және математика. Оқу сауаттылығынан - 19, математикалық сауаттылықтан -18, географиядан – 36, Қазақстан тарихынан – 18, математикадан 40 балл жинады.
Сынақта өзгелерден оқ бойы озып шыққан Нұрсұлтанмен телефон арқылы тілдескен едік. Ол ұстаздары мен ата-анасына алғыс айтып, қатарластарына қалаған оқу орындарына түсіп кетуін тіледі.
Нұрсұлтанның 7-сыныптан бері сынып жетекшісі Гүлнұр Шайхиева шәкіртінің жуырда география пәнінен республикалық олимпиадаға қатысатынын айтты. Жарты жыл бойы пәндік олимпиадаға дайындалған оқушысының ҰБТ-дан ең жоғары балл жинағанын нағыз ерлікке балайтынын да жасырмады.
Ауданымыздың мәртебесін асқақтатып, мерейін тасытқан Нұрсұлтан Қазақстан-Британ техникалық университетінде оқуды жоспарлап отыр.
Аягөз Айтқалиева
Теректі ауданы
zhaikpress.kz