Жас ұрпақты білім нәрімен сусындатып, шәкірт жүрегіне гүл егер, бала жанының бағбаны болар – аяулы ұстаздар. Бұл – дау туғызбас ақиқат. Өйткені, тың жаңалық ашқан ғалым да, ел қорғаған батыр да, темірден түйін түйген шебер де, тілінен бал тамған ақын да, адам жанының арашасы дәрігер де, егін еккен диқан да, мал бағып терін төккен шопан да – бәрі ұстаз алдынан өткен. Батыр Бауыржан Момышұлы: «Ұстаздық – ұлы құрмет. Себебі, ұрпақты ұстаз тәрбиелейді, - деп тегін айтқан жоқ. Неге десеңіз, ертеңгі ел тұтқасы болар жас буынды тәрбиелеу міндеті ұстаздарға жүктелген. Осы үлкен міндетті 45 жыл бойы абыроймен орындаған ұлағатты ұстаз, Аңқаты ауылының тұрғыны Серікқали Төреәлиев биыл мерейлі 70 жастың желкенін керіп отыр.
Парасат-пайымы терең, мінезге бай, ойласа – ойдың төрін, сөйлесе – сөздің көркін келтіретін өз саласының білгір маманы болған ұстаз хақында айтар әңгіме көп-ақ.
Серікқали Жанпозұлы 1954 жылы 22 маусымда Рыбцех ауылында дүниеге келген. Туған жеріндегі Шалқар негізгі мектебінің табалдырығын 1962 жылы аттап, бұл жерде сегізінші сыныпқа дейін оқыған, ал 9-10 сыныпты сол кездегі Жымпиты совхозы, Правда ауылында жалғастырып, оны 1972 жылы бітірген. Мұнан соң балық шаруашылығымен шұғылданып үй ішіне қолғабыс қылды. Одан әрі 1973-1975 жылдар аралығында Белоруссия жерінен Отан алдындағы борышын аман-есен өтеп, елге оралған. Кейін Орал қаласындағы А.С Пушкин атындағы педагогикалық институтын 1982 жылы тәмамдап, қолына математика пәні мұғалімі деген диплом алған.
Еңбек жолын 1982 жылы бір кездері өзі білім алған мектепте математика пәнінің мұғалімі болып бастады. Алғашқы күндерден бастап білімімен дараланған жас педагог сол жылдан бастап 2008 жылға дейін жарғақ құлағы жастыққа тимей қызмет етті. Содан соң Шалқар, Аңқаты, Қандық мектептерінде оқу ісінің меңгерушісі, мектеп директоры болып міндет жүктейтін бедел баспалдағынан өтті.
Рас, адам баласының жүрегінде қадір тұтып, құрметтейтін екі ұғым болса, соның бірі – ұстаз. «Ұстаз» ұғымы ұлтымыз үшін қашан да қасиетті, қадірлі болған. «Ұстаздан тәрбие алған» немесе «ұстаз алдын көрген» деген сөз құлаққа «Ана тәрбиесін алған» деген сөзбен ұштасып жатады. Ұстаз – әр адамның жүрегіне ерекше жылулық нұрын себетін аяулы тұлға бейнесімен өзектес ұғым.
Бар саналы ғұмырын ел дамуындағы жетекші саланың бірі – білім саласына еңбек етуге арнады. Қиыны мен қызығы көп саланы дамыту мен жетілдіру ісіне көп жылдар бойы аянбай еңбек еткен кейіпкеріміздің ұстаз болмысы қашан да көпке үлгі.
Шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, тәлім-тәрбие беру, жақсы қасиеттерді бойларына дарытып, адамгершілік рухта бағыт-бағдар көрсетуде елеулі еңбек еткеніне ел куә. Жас ұрпақтың қоғамға кірпіш болып қалануына ол кісінің қосқан үлесі шексіз.
Бір сөзбен айтқанда, Серікқали Төреәлиевті шәкірттері ғана емес, тұрғындардың үлкен-кішісіне дейін ерекше құрмет танытып, сыйлайды.
Себебі, ол – шын мұғалім болды. Тек өзіне, өзінің ұстаздық қабілетіне кәміл сенді. Бойындағы тазалық қасиетін қиюластырып, онысын телегей біліммен ұштастыратын. Шәкірттеріне шынайы ұстаз, анасындай ақылшы, досындай сырлас бола білді. «Ұстазы мықтының – ұстамы мықты» дегенді дана қазақ тауып айтқан-ды. Математик ұстаздан сауаттанып, білім алған, өнегелі тәлім-тәрбиесін көрген шәкірттері жетерлік. Өйткені ұстаздық еткен 45 жылда жүздеген шәкірт оның алдынан өтті. Олардың атын атап, түсін түстеу мүмкін емес. Мәнді ғұмыр кешіп, ұстаздық дейтін өрістің өрнегін салған мұғалімнің шәкірттері бүгінде берісі Оралда, әрісі Алматыда адал қызметтерін атқарып келеді. Бұл да болса Серікқали Жанпозұлының оқушы жүректеріне өз нұры мен шуағын төге білген көрегендігі болса керек.
Кеудесі алтын сандық іспетті ақылман аға әңгіме барысында ұстаздық қызметтің қыр-сырын тілге тиек қылды.
– Асқақ арманның жетегімен осы мұғалім мамандығын таңдағаныма еш өкінген емеспін. Оқушы кезімде бізге сапалы білім мен саналы тәрбие берген Кәрім Тәжіғалиев, Кеңес Жанғалиев, Халеш Дыбысова, Іңкәр Бисақаева, Ақсұлу Кереева сынды ұстаздармен әріптес болып жұмыс істедік. Паһ, шіркін, ол кездегі ұстаздардың жөні бөлек еді-ау?! Жас мамандарға қамқорлық танытып, тәжірибелерімен бөлісіп, білмеген тұстарымызды асықпай, жалықпай үйретіп жіберетін. Ол уақытта шәкірттердің ұстазға деген құрметі айрықша еді. Білім берудің қазіргі жүйесімен салыстырғанда, біздің кезімізде мектепте қосымша сабақ, үйірме, факультативтер жиі өтетін, ал қазір байқағанымдай, мұндай аз секілді, - деді өз сөзінде.
Бүгінде 70 жасқа тың жігер, жарқын көңілмен жетіп отырған ардагер ұстаз елмен әмәнда қоян-қолтық араласады. Аңқаты округі ардагерлер кеңесі төрағасы қызметін атқара жүріп, өзекті жайттарға бейжай қараған емес.
Адамзат өміріндегі мейірімділік пен адалдық, адамгершілік пен тектілік секілді асыл қасиеттерді бойына жинайтын жандар, оны ұрпақ санасында қалыптастыратын ардақты әкелер мен аяулы аналар.
Жанұя, отбасы – мемлекеттің іргетасы. Отбасы – адам баласының өсіп-өнер, қанат жайып түлеп ұшатын алтын ұясы. Сынақ үшін берілген қысқа ғұмырда жанұяларымызды құрметтеуге, сыйлауға, өнегелі етуге тиіспіз. Өзіңді өмірге келтірген, тіршілігіңе нәр берген ата-анаңның алдында адамның парыз-міндеті өлшеусіз. Міне, сол ата-анаға сенің жанұяңның жарасым тауып отырғанын көргеннен артық бақыт жоқ. Ананың ақ сүтін, әкеңнің адал күшін ақтау – өз болашағыңда сақтау деген сөз. Жанұя шаттығын қалыптастырудың бір тетігі де осында жатыр.
– Уақыт деген тым жүйрік қой. Осыдан қырық жеті жыл бұрын небәрі 20 жасар бойжеткен мен 23 жасар бозбала едік. Сөз байласып, серттестік. 1977 үй болып, шаңырақ көтердік. Еңбек етіп, балалы болдық, - деген Серікқали аға жанұяның қоғамдағы рөлі жөнінде әңгіменің тиегін ағытты.
Жұбайы Күләш Төреәлиева пошта саласынын қызметкері. 1980 жылдан бастап 2008 жылға дейін Шалқар байланыс бөлімінің бастығы лауазымын атқарды. Сонау қиын-қыстау кезеңдерде айтулы саланың өркендеуіне еселі еңбек етіп, көнермес қолтаңбасын қалдырған Күләш апа:
– «Айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызған» бұл саланың халқымызға тигізіп отырған пайдасы шаш-етектен. Қалалар мен ауылдарды, құрлықтар мен мұхиттарды бір-біріне жалғап, әлемнің күретамырына айналып үлгерген пошта саласы жылдан-жылға қанат жайып, ел игілігіне қалтқысыз қызмет етуде. Оның ішінде әр күн сайын тұрғындарымыз үшін сапалы қызмет пен ыңғайлы жүйелерді қабылдап, еліміздің цифраландыру саясатына өз үлестерін қосып келе жатқан пошта қызметкерлерінің еңбегі орасан зор. Бүгінгі таңда жұмыс жеңілдеген. Себебі, осыдан бірнеше жыл бұрын барлық қағаз қолмен жазылып, толтырылатын еді, ал қазір автоматты түрде жасалады, - дейді.
Мінекей, біз сөз еткен кейіпкерлеріміз өз ортасында ел ілтипатына бөленген салиқалы кісілер.
Тіршілікте бірде-бір өсімдік тамырсыз өспейді, өркен жаймайды. Сол секілді адам баласы да ата-бабаларынан көзге көрінбейтін тамырлар арқылы жалғасқан. Осы ретте тегі мықты адамның ұрпағы болу бұл өмірде аса жауапкершілікті талап ететіні сөзсіз. Бүгінде Серікқали ағамыз жары Күләш апамен төрт бала тәрбиелеп, «ұлын ұяға, қызын қияға» қондырып, 5 немере, 12 жиен және жиеншар сүйіп отыр. Ең бастысы Серікқали Жанпозұлы тектілігіне дақ түсірмей, халық ықыласына бөленіп келеді. Ұлағатты ұстаздың бақыты да, мұраты да осы болса керек-ті. Қазіргі уақытта мәуелі бәйтеректей жапырағы кеңге жайылған Төреәлиевтертер әулетінің тірлігі ілкімді. Ендеше, әулет басшысының мерейтойы құтты болсын!
Самал Жамет
Теректі ауданы