«Жасыл ел» – жастарды алға тартатын, еңбекке баулып қана қоймай, адам бойындағы күш-жігер мен ақыл-санасын қатар іске қосып, дамытатын үлкен бағдарлама кешені. Бұл бағдарлама жастардың икемділігі мен ептілігін арттырып, жасынан жалқаулыққа емес, шаруа сүйер азамат болып қалыптасуға өз ықпалын тигізеді.
Бұл жобаны ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 2005 жылғы 18 ақпандағы «Қазақстан экономикалық, әлеуметтiк және саяси жедел жаңару жолында" атты Жолдауында іске асырылу керек жалпыұлттық іс-шаралар жоспарына қосқан. Кейін сол жылдың 5 наурызында Қазақстан Республикасы Үкіметінің №210 қаулысымен бекітілген.
«Жасыл ел» бағдарламасы жазғы уақытта жастарды жұмыспен қамту, табиғатты қорғау, экологияны сақтауға жастарды тәрбиелеу бағытында жұмыс жасайды.
Теректі ауданы да бұл жобадан тысқары қалған емес. Соңғы 3 жылда бағдарлама бойынша әр жыл сайын 50 квота бөлініп, 150 азамат пен азаматша жұмысқа тартылған. 2020 жылы алғаш рет Подстепный және Шаған ауылдық округтерінде қолға алыныпты.
Ал биылғы «Жасыл ел» еңбек жасағының ауқымы да, ұйымдастырылуы да ерекше. Жазғы лагерь ретінде қолға алынып отырған аталмыш шараға үлес қосатындардың да саны артқан. Айталық, жылдағы бөлініп жүрген квота санына тағы 50 квота қосылып, сарбаздар санын 100-ге дейін жеткізу көзделген. Лагерьге 18-29 жас аралығындағы ауданымызда әзірге жұмыссыз жүрген және студент жастар қатысады. Жай жұмыс жасап қана қоймайсың, 75 мың теңге көлемінде жалақы аласың. Сонымен қатар қосымша табыс жағы да ұйымдастырушылар тарапынан қарастырылуда.
Лагерьдің негізгі бағдарламасынан бөлек отын жару, оны сатылымға шығару, ағаш егу мен оған күтім жасау шаралары қосымша пайда көзі саналады. Лагерь мамыр, маусым, шілде, тамыз айларында Федоров және Долин ауылдық округтерінің аумақтарын қамтымақ.
Аудандағы «Жасыл ел» бағдарламасын ұйымдастырушы, Теректі аудандық мәслихатының депутаты, аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының басшысы Нұрсәуле Аткееваның айтуынша, сарбаздар ауыл айналасының тазалығымен шектеліп қалмай, бау-бақша, сонымен қатар құрылыс лагерін қолға алу бағытында жұмыстанады.
- Теректі ауданының әкімі Арман Өтеғұловтың бастама көтеруімен қайта түлеген бұл жобаның жастарға берері көп. Лагерь жұмысы аясында жалынды жастарымыз осыған дейін ауданымызда қолға алынған ұжымдық бау-бақша өнімдерін отырғызуға қатысады. Құрылыс лагері мамыр мен маусым айларында 2 лекпен, 25 адамнан, ал бақша отырғызумен айналысатын сарбаздар төрт ай бойы үзбей жұмыс жасайды. Осы жастардың көмегімен отын дайындалып, аз қамтылған отбасыларға таратылады. Лагерьдің басты мақсаты – «Теректі туристік маршруты» жобасын жүзеге асыру, ауданымызда орналасқан тарихи-табиғи орындарды абаттандыру, қайта қалпына келтіру болып табылады. Аталмыш жоба Төңкеріс ауылына қарасты Алебастр жарынан бастау алып, Федоров ауылдық округінің аумағындағы Дубрава қорықшасында аяқталады. Әсем табиғатымен көздің жауын алар Әлпи, Воровская сайлары мен Сәуір, Полуосов жарлары қоса бар. Аймақтың экологиялық жағдайын жақсарту мақсатында тұрмыстық қалдықтарды жинау, құрғақ ағаштарды жинақтау жұмыстары жүргізілетін болады. Осындай табиғи ескерткіштер мен ерекше жерлер бар болғанымен, ол туралы аудан жұртшылығы көп біле бермейді. Сондықтан да әр ескерткіш аумағына сол жердің тарихы мен арнайы ақпараттар беретін стенд, жол бағыттаушы сілтемелер мен қорғау алаңдарына қорғаныш-қоршау қою секілді жұмыстар атқарылады. Ауданымызға келген қонақтарға арнап дамылдайтын жерлер, демалыс орындарын жасау ойда бар, - дейді Нұрсәуле Нұрланқызы.
Расымен, Теректінің табиғаты әсем екендігі даусыз. Аудан аумағында талайды таң-тамаша ететін табиғат ескерткіштері мол. Мысалы, Сәуір жары (Сауркин яр) Федоров ауылынан 17 шақырым жерде орналасқан.
Өңірімізге белгілі өлкетанушы Геннадий Креймердің айтуынша, Жайық өзені дәл осы араға келгенде кілт бұрылады. Өзеннің Бұқар бетіндегі сол жағалауын су тасқыны шайғандықтан, топырақ опырылып, тік жар пайда болған. Оның биіктігі 40 метрден асады.
Жардың Сәуір деп аталуының тарихы бар. Осы маңда Сәуір деген ақсақал өмір сүрген деседі ел арасында. Оның ауылы Қайыңсайда болған. Өткен ғасырдың алпысыншы жылдарынан Сәуір жары деп атала бастаған. Жардың астында бекіре тұқымдас және қара балықтар қыстайтын шұңқыр бар. Ал бетіндегі балшықты алуға Орал қаласы мен жақын маңдағы ауылдардан тұрғындар келіп, оны мүсін соғып, ескерткіш жасауға пайдаланады. Балшық сондай-ақ емдік мақсатта да қолданылады. Тағы бір ерекшелігі, Сәуір жарында ағаш пен өсімдіктің түр-түрі өседі. Осындай тарихы бар үлкен жардың қазіргі жағдайы көңіл қуантарлық емес. «Жасыл ел» лагері бұл аймаққа ақпараттық стенд, сілтемелер қойып, баспа салып, туристтерге арнап бивуактар орналастыратын болады.
Сәуір жарында қайың тоғайы мен емен тоғайынан басқа кешенді жалғастырушы екі сай бар. Олардың бірі – Воровская. Кезінде сол жерге келген жаңа қоныстанушылар ормандағы тал-теректерді ұрлап алып жүргендіктен осы атауға ие болған.
«Орман аз болды, казактар оны кесуге рұқсат бермеді. Ал құрылыс салу керек. Міне, сондықтан ағаш жасырын түрде кесіліп, жылқы құйрығына байланып, осы саймен жіберілген», - дейді өлкетанушы Геннадий Креймер. Бұл жерге де бағыттаушы сілтемелер мен тарихынан азын-шоғын мәлімет беретін ақпараттық тақта орнатылады. Сонымен қоса ұзындығы 8 метр болатын көпір салынбақшы.
Бәрімізге аты таныс Дубрава қорықшасы да бар бағдарламада. Жайықтың бір жалғасы саналатын бөлік жасыл желекке лық толы, әсіресе емен, көктерек, қайың орманымен, сондай-ақ сирек кездесетін қайың тектес бұта, қызыл тал және басқа да бұталы өсімдіктердің шымылдығына тап боласыз. Сайлар дала шиесімен, ірі бұршақ және тағы басқа өсімдіктерімен көмкерілген. Бұл жерде өте сирек кездесетін кейбір өсімдіктермен қатар жойылып бара жатқан өсімдіктердің 30 шақты түрін кездестіруге болады: бүркітше, түйеқұс, қырықбуын, жуа, қоңырау бас және басқалары. Жазғы лагерьде табиғи байлықтарымызды сақтау мақсатында толықтай тазалық жұмыстары жүргізілетін болады. Қорғаныс шараларының күшейтілуі бұл әсем аймақты сақтап қалуға, қайың тектес бұталар мен еменді Жайық өзенінің жайылмасындағы қолайлы жаңа жерге орналастыруға, даланың өсімдіктер дүниесін қалпына келтіру процесін қамтамасыз етуге, қорықшаның жануарлар дүниесін сақтап қалуға мүмкіндік береді.
Қысқасы, бағдарлама жоспары бойынша әр екі айда 50 жас жұмыспен қамтылады. Алғашқы күні міндетті түрде жалпы қауіпсіздік шараларымен таныстырылып, ақпараттар беріледі. Су, өрт қауіпсіздігі, арнайы өндірістік құрал-жабдықтардың техникалық қауіпсіздігі мен пайдалану ережелері егжей-тегжейлі түсіндіріледі. Орман шаруашылығы мамандарымен де кездесу өткізіліп, алдағы жұмыс кестесі бойынша бағыт-бағдар көрсетілетін болады. 1 айға бөлінген тапсырмаларды толықтай игеріп шығу үшін аудан ұйымдастырушылары барлық жағдайларды жасауға тырысуда. Жұмыс жасаумен қатар қатысушыларға әртүрлі мастер кластар, қызықты ойындар өткізіліп, шынықтыру шаралары ұйымдастырылатын болады.
Жуырда БҚО әкімі Ғали Есқалиев ауданға жұмыс сапарымен келіп, «Жасыл ел» бағдарламасының аудандағы жобасымен толықтай танысты. Өңір басшысы жобаның жоспарына жоғары баға беріп, өзге аудандарға үлгі етті. Ендігі кезекте сол бағаға лайықты деңгейде жұмыстану міндеті тұр алда. Ал «Жасыл елдің» тыныс-тіршілігі аудан айнасының да назарында болады.
Дана Рахымғалиқызы,
Теректі ауданы
zhaikpress