Сүйікті фильміңізді үйден емес, көпшілікпен бірге кинотеатрдан тамашалаған анағұрлым әсерлі. Үлкен экран, керемет дыбыс, дәмді попкорн және жайлы орын – сізге қажеттінің бәрі осында. Ал егер осының барлығы жаздың жайлы кешінде, ашық аспан астында өтсе, тіптен ғажап емес пе?!
Естеріңізде болса, ауыл тұрғындарының кешкі бос уақытын тиімді өткізу мақсатында Теректі аудандық мәдени-демалыс орталығының ұйымдастыруымен маусымдық «Кеш жарық, Теректі!» жобасы басталған болатын.
Осы жоба аясында орталық спорт алаңында ашық аспан астындағы кино көрсетілім өтіп, оған 100-ден астам көрермен жиналды. Аудандық мәдени-демалыс орталығының директоры Арман Сағидолин де өз отбасымен бірге ортадан табылды.
Кешкі салқында әрі таза ауада «Планета обезьян. Новое царство» фильмін тамашалаған теректіліктер бұндай форматта кино көру көңілдерінен шыққандарын айтып жатыр.
Айта кету керек, кино көрсетілімнің алдында әлеуметтік желі мен ауыл тұрғындары жиналған топтарда сауалнама жүргізіліп, халық өздері көргісі келетін киноны таңдады.
Ақтілек Әлібек
Теректі ауданы