Теректіліктердің референдумды асыға күткендері байқалып-ақ тұр. Неге десеңіздер, қазірдің өзінде Теректі ауданының №385 учаскесіне келген дауыс берушінің қарасы қалың. Бір көңіл тойып, көз сүйсінер жайт бар. Тарқата айтсақ, дауыс берушілер отбасыларымен келіп жатыр.
Референдумға осылайша маңыз беріп, жақын адамдармен келу қандай тамаша!
Аға буын Қайырбек Мұқанов пен Үнзила Мұқанова орайы келген тұста оң пікірлерін айтып, ел болашығына бейжай қарамауға шақырды.
Олардан кейін келген жас буын Нұрсұлтан Кәдірғалиев пен Шәмшия Исмағанбетова ұрпақтар сабақтастығын ұқтырды. Өз кезегінде аталған учаскелік референдум комиссиясының төрағасы Әсет Әубәкіров қос отбасыға алғыс айтып, естелік сыйлық ұсынды.
Жасы да, көпті көргендері де бүгін аянып қалмай, өз дауыстарын берсе, нұр үстіне нұр болады. Ал мұны теректіліктер әлдеқашан түсініп, жұмыла келуде.
Ақтілек Әлібек
Теректі ауданы