Бүгін Республика күніне орай Теректі аудандық мәдениет үйінде «Жасай бер, қазақ елі!» атты мерекелік шара өтті.
Жиналған жұрт ең алдымен аудандық кітапхананың ақпараттық көрмесін тамашалады. Одан әрі мерекелік концертке ұласты.
Кеш барысында сөз алған аудан әкімі Әлия Мұханбетжанова ұлттық мерекемен құттықтап, жүрекжарды лебізін арнап, ауданның өркендеуіне сүбелі үлес қосып жүрген бір топ теректілікті марапаттады.
Айталық, белгілі педагог, спорт ардагері Серік Нұрғалиевке, кәсіпкер Абат Джаназаровқа, айтыскер ақын, ҚР Мәдениет саласының үздігі, композитор Ерікқали Ахметовке «Теректі ауданының құрметті азаматы» атағы берілді.
Ал «AMANAT» партиясының белсенді қызметі үшін төсбелгісі Шалқар ауылдық округінің мәслихат депутаты Руслан Лұқпановқа берілді. Сонымен қатар кітапханашылар Мәншүк Какижанова (Ақжайық) мен Мәншүк Молдашева (Шағатай) Қазақстандық кітапханалық Одақ атынан «Қазақстанның құрметті кітапханашысы» төсбелгісімен марапатталды. Сондай-ақ БҚО әкімі Нариман Төреғалиевтің атынан «Шұбарсай» кооперативінің төрағасы Жасұлан Кайушевке, төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Жарас Көпжасаровке, зейнеткер, ұзақ жылдар бойы ауылшаруашылық бөлімінде қызмет еткен Ағынташ Қуановаға, «Бекос» шаруа қожалық иесі Бекболат Қыдырбаевқа, «Тұлпар» жеке балабақшасының директоры Шайжан Нұрғалиевке, аудандық мәдени-демалыс орталығының директоры Арман Сағидоллинге, Богданов ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Наталья Хроколоваға алғыс хат табысталды.
БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасы атынан аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің қызметкерлері Амина Кушелекова мен Бақтығали Досқазиев алғысқа ие болды. Сонымен бірге басқа да бірнеше маман назардан тыс қалмады.
Марапаттау рәсімінен соң мәдениет үйінің өнерпаздары ән шырқап, мың бұрала би билеп, көрерменнің ыстық-ықыласына бөленді.
Балнұр Қанаева,
Теректі ауданы
zhaikpress.kz