23.10.2022, 0:40
Оқылды: 119

Теректіліктер Республика күнін дүркіретіп атап өтті

Бүгін Республика күніне орай Теректі аудандық мәдениет үйінде «Қазақстаным – туған жерім, мақтанышым» атты мерекелік іс-шара өтті.

FB_IMG_1666464891418

Ең алдымен, теректілік тұрғындар мәдениет үйінің фойесіндегі аудандық кітапхананың ақпараттық көрмесін тамашалады. «Ақжайық әуендері» домбырашылар ансамблінің ұжымы қазақ күйлерін күмбірлетіп, мерекелік көңіл күй сыйлады. Содан кейін түрлі ұлт өкілдерінен құралған топ қазақтың ұлттық символына айналған - домбыра, қобыз, бүркіт, тазы, қоржын, торсық және ұлттық тағамдарды көпшілікке насихаттады.

FB_IMG_1666464871390

Жиында аудан әкімі Тілек Габдушев жерлестерін қайта оралған мерекемен құттықтап, жүрекжарды лебізін арнады.
Салтанатты шара марапаттау рәсімімен жалғасын тапты.

FB_IMG_1666464877970

Ауданымызда бірнеше жыл бойы мемлекеттік қызметте жұмыс істеген Оразбек Құсайынов, «Бауткина» жеке кәсіпкерлігінің басшысы Светлана Бауткина, №12 өрт сөндіру бөлімінің командирлері - Нұржан Абдулов пен Вадим Пустоваровқа облыс әкімінің алғысхаты ұсынылды. Ішкі істер органдарының ардагері Бақытқали Даулетияров БҚО ішкі істер департаменті ардагерлер кеңесінің атынан «Қазақстан полициясына 30 жыл» естелік төсбелгісімен наградталды. Дамир Бекболатов (Теректі), Татьяна Головеря (Новопавлов), Саясат Нуменов (Ақсоғым), Наталья Хроколова (Богданов) сынды мамандар облыстық «Қызмет» мемлекеттік мекемелер қызметкерлері салалық кәсіподақ ұйымының алғысхатымен марапатталды. Экономика және қаржы бөлімінің бас маманы Балым Ахметова, аудан әкімі аппаратының программисті Райхан Аубакирова, «Иваныч» жеке кәсіпкерлігінің механизаторы Андрей Дементьевский, жер қатынастары бөлімінің хатшысы Айжан Кубашева, «Қабылтөбе» ауыл шаруашылық өндірістік кооперативінің төрайымы Анаргүл Хамитова, көпбалалы ана Гүлбаршын Шарапиева мен тұрғын үй, коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы Әсел Шудобаева аудан басшысы Тілек Александрұлының алғысхатына лайық деп танылды.

FB_IMG_1666464874942

Мерекелік кеште мәдениет үйінің өнерпаздары табиғи дауыста ән шырқап, мың бұрала би билеп, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. «Ғазал» ақындар клубының жас ақындары да арнау-жырларынан шашу шашты. Ерген Махамбет пен Нұрбек Қадырбековтың орындауындағы күй тартыс теректіліктердің делебесін қоздырып, зор қошеметке ие болды.

Әнші, биші, күйшілерге риза болған жұрт үйді-үйіне көңілді тарқасты.

Аягөз Айтқалиева,

Теректі ауданы,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале