Түркия республикасының Анталия қаласында ХІХ халықаралық "ТV Start" телевизиялық байқауына Қазақстан намысын қорғауға аттанған Теректі ауданының үлгілі "Өркен" вокалды ансамблі "Вокал" аталымы бойынша гран-приді жеңіп алды.
Жерорта теңізінің толқындары өпкен әйгілі Анталия жұртшылығы жерлестеріміздің өнерін жоғары бағалады.Қаланың атырабын дәл алақанға салып қойғандай Тақталы тау сынды биік өнерін паш еткен өркендіктердің өркені де өсті, мерейі де тасыды.
Аталмыш байқауға Түркия мен Қазақстаннан бөлек Армения, Вьетнам, Украина, Латвия елдерінің кіл мықты өнерпазы қатысты.
–Қобалжу басым болғанын жасырмаймын. Дегенмен мығым дайындалдық. Елдің сенімін, одан кейін ансамбль мүшелерінің ата-аналары артқан үмітті ақтап шығуға тырыстық. Қазақ елінің абыройы биіктеді деп әбден айтуға болады. Түркияның халқы қазақтарды көрсе құшақ ашып, жанын беруге әзір екенін көрдік. Жалпы бұл сапардан алған әсерімізді сөзбен жеткізу қиын. Әділ-қазылар алқасы да өте тәжірибелі, білікті болды,- деді "Өркен" вокалды ансамблінің жетекшісі Гүлназ Құсайынова.
Ақтілек Әлібекұлы,
Теректі ауданы