Еліміздегі төтенше жағдайға байланысты Ұлы Жеңістің 75 жылдығын дүркіретіп атап өту мүмкін емес. Дегенмен Теректі ауданы бойынша мерекені тойлау таңмен барлық ауылдық округтерде радио қабылдағыштар арқылы әскери әндер шырқалуынан басталды.
Теректі ауданы әкімі Әділ Жоламанов бастаған, аудандық мәслихат хатшысы Әлжан Нұрғалиев, ауданның құрметті азаматтары Александр Попов, Василий Савченко, Сәлім Қоқашев, Мұсағали Төлегенов, Ғұсман Қатабаев, Сағидолла Бисенғалиев, ауған соғысының ардагері Александр Анищенко қостаған топ Федоров ауылындағы "Азат етуші жауынгер" мемориалына гүл шоқтарын қойды.
Жерімізді қорғап, бізге бейбіт күн сыйлаған батырларды бір минут үнсіздікпен еске алды. Одан әрі Кеңес Одағының батыры, жерлесіміз Иван Зрелов ескерткіш-мүсініне тағзым етіліп, гүл шоқтары қойылды.
Айта кетейік, соғыс жылдары Теректі ауданынан 9225 сарбаз соғысқа аттанған болса, соның ішінде 5 ардагер Кеңес Одағының батыры атағына ие болған.
Әділет Орынбасаров
Теректі ауданы
zhaikpress.kz