Бүгін Достық үйі алаңындағы "Азат етуші жауынгер" ескерткіші маңында теректіліктер Ұлы Жеңістің 76 жылдығын атап өтті.
Елдегі ахуалға байланысты алаңға тек арнайы шақырылған қонақтар ғана жиналды. Алдымен жерлестеріміз сұм соғыста құрбан болған батырларды бір минут үнсіздікпен еске алды.
Одан кейін Федоров қазақ ЖОББМ-нің оқушылары өлең оқып, жастарымыз боздақтарға тағзым етті.
Теректіліктер кезекпен "Азат етуші жауынгер" ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Ел басына күн туғанда тыныштық үшін жанын қиған батырларға гүл шоқтарын қойғандардың арасында ауданның құрметті азаматтары, аудандық мәслихат депутаттары, этно-мәдени орталық жетекшілері және жастар болды.
Өңірімізге белгілі кәсіпкер, "Теректі" шаруа қожалығының басшысы, аудандық мәслихат депутаты Сержан Идиятов Кеңес Одағының батыры, жерлесіміз Иван Зреловтың ескерткішіне QR-код орнатты. Яғни, аудан тұрғындары мен қонақтары ұялы телефондағы арнайы бағдарламамен ескерткіштегі кодты қолдану арқылы батыр туралы барлық ақпаратқа қаныға алады.
Теректі ауданының әкімі Арман Өтеғұловтың бастамасы және кәсіпкердің қолдауымен жүзеге асып отырған бұл қадам – өткенге құрмет пен тарихқа тағзым жасаудың бір көрінісі. Дәл осындай QR-код аудандағы барлық ескерткіштерге орнатылатын болады.
Айта кету керек, мереке байланысты концерттік бағдарлама теректіліктер үшін Достық үйі алаңында орнатылған лэд-экран арқылы онлайн форматта ұсынылады.
Әділет Әлібекұлы,
Теректі ауданы
zhaikpress