Наурыз мейрамына арналған халықтық мереке Теректі ауданы әкімшілігі ғимараты алдында ұйымдастырылды. Сахна мерекеге сай безендіріліп, киіз үйлер тігілді. Алтыбақан құрылып, ұлттық тағамдардан дәмдер ұсынылды.
«Жекпе-жек», «Қыз қуу» секілді көріністер көрсетіліп, жиналған қауымның қошеметіне бөленді.
Наурыз көжеден ауыз тиген аудан тұрғындары болып жатқан көрініске ризашылықтарын білдіріп жатты.
Сахна төріне көтерілген аудан әкімі Әлия Мұханбетжанова жиналған жұртшылыққа ақ тілегін арнады.
«Қайырлы күн құрметті жерлестер, баршаңызды келіп жеткен Наурыз мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Наурыз мерекесі жылдың бастауы болып саналғандықтан, баршамыз тойлауға жиналып отырмыз. Өткен жылдың бар қиыншылығын артта қалдырып, жаңа жылда жаңа табыс пен молшылыққа кенелуге жазсын. Үлкендеріміздің ақ батасын алып, жаңа қадамдарға баса берейік. Еліміздің амандығын тілеп, ауданымыздың дамуына атсалысайық. Биылғы наурыз мерекесі қасиетті Рамазан айымен тұспа-тұс келіп отыр. Ораза тұтқан баршаңызға ниеттеріңіз қабыл болын дегім келеді. Айттан айтқа, наурыздан наурызға аман есен жетулеріңізге тілектеспін», - деді аудан әкімі Әлия Биғазықызы.
Құрманғазының күйі «Сарыарқа», «Ақ бұлақ», «Кермаралдай», «Ой көк», «Дүние-ай», «Текті қазағым», «Наурыз», «Беу, айдай», «Тойла қазағым» және «Теке қала» секілді халық арасында кеңінен тараған әндерді аудандық мәдени-демалыс орталығының көркем өнерпаздары нақышына келтіре орындады.
Көктем мерекесі, жылылық пен сұлулықтың көрінісі саналатын Наурыз мейрамын тойлау үшін орталық алаңға жиналған жұртшылықтың қарасы қалың болды. Жаңа жыл ырыздығымен, мол несібесін төгіп, ел бірлігі ажырамай, татулықтың туы көкте желбірей берсін. Әр күндеріңіз ұлыстың ұлы күніндей қуанышқа, көктемдей шуаққа толсын.
Темірболат Тоқмамбетов
Теректі ауданы