Теректі ауданының әкімі Әлия Мұханбетжанова Теректі ауылдық округінің жұртшылығымен жүздесіп, есептік кездесуін түйіндеді. Ауыл ертеңіне бейжай қарағысы келмейтін ағайын Достық үйіне жиналды. Залдық лық толғаны халықтың дамуға, ашық пікірге көзқарастары оң екендігін аңғартты.
Теректі ауылдық округінің әкімі Армат Рспаев 2024 жылдың ІІ жартыжылдығында атқарылған жұмыстар туралы есеп берді.
– Тұрғындар үшін басты әрі маңызды сала – әлеуметтік сала. Бүгінгі таңда округ бойынша 116 адам есепте тұр. 2024 жылдан бері 452 адам жұмыспен қамту орталығына жолығып, 30-ы ақылы қоғамдық жұмысқа келді. 220-сы жұмысқа орналасты. Сондай-ақ мемлекеттік бағдарламаның игілігін көргендер де бар, - деді Армат Рспайұлы өз баяндамасында.
Теректі ауылында белсенді іс қылып жатқан 221 бизнес нысан бар. Мал басының санына келсек, 2023 жылмен салыстырғанда қой мен ешкіде өсім байқалғанымен, құс саны күрт азайған. Жиында дәрігерлердің жетіспеушілігі, жер, су мәселелері көтерілді.
Аудан басшысы тұрғындар тарапынан қойылған сұрақтарға мардымды жауап берді. Жиын аяқталған соң жеке мәселелері бойынша келген теректіліктерді жеке қабылдады.
Ақтілек Әлібек
Теректі ауданы