Биыл Теректі ауданына қарасты Ақжайық ауылындағы Ақжайық көшесін жөндеу жұмыстары басталды. Бұл туралы «Onlinе oi» бағдарламасына қатысқан аталмыш ауылдың әкімі Болат Қадыралиев хабарлады. Қазіргі таңда мердігер анықталды, енді жұмысшылар білек сыбана кіріспек.
Емен-жарқын жүздесу барысында округ әкімі ауылда атқарылған жұмыс жайын айтып, келешек жұмыс жоспарымен де бөлісті. Әкімнің айтуынша, Ақжайық ауылының солтүстік бағытындағы жобалау жоспары толық жасақталған жерден кезекте тұрған азаматтар үй салуға жер телімін ала бастаған. Айта кетейік, ауыл бойынша 353 тұрғын кезекте тұр.
Бүгінгі уақытта бұл округ бойынша 453 бас асыл тұқымды мал бар. Он алты шаруашылық мал тұқымын асылдандырумен айналысуда. Ақжайық ауылы тұрғындарының жұмыспен қамтылуы және әлеуметтік бағдарламалардың жүзеге асуы жөнінде айтатын болсақ, биыл 7 адам тұрақты жұмысқа орналасып, 5 адам ақылы қоғамдық жұмысқа тартылған. Елдегі төтенше жағдайға байланысты 203 тұрғын 42 500 теңге көлемінде көмек алған.
- Ақжайық ауылының 660 ауласы орталықтандырылған су желісімен қамтылған. Енді Абай, Талпын ауылдарында ауыз су құбырын жүргізге құжаттама дайындалуда, - деді Болат Александрұлы. Және Ақжайық және Абай ауылдарында балаларға ойын алаңы салынатынын тілге тиек етті.
Самал Жамет
Теректі ауданы
zhaikpress.kz