Теректі ауылында 1970 жылы дүниеге келген Руслан Қоңыров – бүгінде авиация генерал-майоры әскери шенін иеленген қолбасшы.
1992 жылы Сызрань жоғары әскери-әуе ұшқыштар училищесіне түсіп,өмірін көк аспанмен байланыстырған Руслан Зарлықұлы әскери болуды таңдады. Ол 2001 жылы Ю. Гагарин атындағы әскери-әуе күштері академиясын, 2017 жылы Беларусь Республикасының әскери академиясында Қарулы күштер Бас штабы факультетін тәмамдап, әскер басқарудың қыр-сырына жатықты. Шет жерде жүріп алған білімін елінің пайдасына жұмсаған Р.Қоңыров Қазақстанда әскери-әуе күштерінде ұшқыштан бастап, қолбасшыға дейінгі жолды жүріп өтті.
2022 жылғы қыркүйекте Мемлекет басшысының Өкімімен Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Әуе қорғанысы күштері Әскери-әуе күштерінің қолбасшысы болып тағайындалды.
Руслан Қоңыровтың бұл жоғары қызметке тағайындалуы тек ағайын-тумасы үшін ғана емес, жалпы Батыс Қазақстан, Теректі ауданы үшін мақтаныш.
Жолы түсіп, отбасымен туған ауылына келген генерал-майор Руслан Қоңыровты Теректі ауданының әкімі Әлия Мұханбетжанова қабылдап, құрмет көрсетті.
Қабылдауға "AMANAT" партиясы аудандық филиалының төрағасы Мирхат Ибраев, аудандық маслихат депутаты, аудандық газет редакторы Әділет Орынбасаров қатысты.
Елімізді әуеден қорғайтын әскердің қолбасшысы, ІІ дәрежелі «Айбын», «Жауынгерлік ерлігі үшін» ордендері мен медальдардың иегері Руслан Зарлықұлының кеудесіне аудан әкімі «Теректі ауданының құрметті азаматы» белгісін тағып, туған жерінің оған деген шынайы құрметін дәлелдеді.
Жерлестерінің сый-құрметіне риза болған Руслан Зарлықұлы алғыс лебізін айтты.
Балнұр Қанаева,
Теректі ауданы
zhaikpress.kz