Қазір дала жұмыстары қызып тұрған кезең. Шаруа қауым шөп шауып жатыр. Егін жинауға техника дайындап, тынымсыз еңбек үстінде. Осы кезде техниканың сақадай сай болғаны өнім алудың кепілі десек те болғандай. Сондықтан, мемлекеттік тіркеуде тұрған машиналар жылына бір рет мемлекеттiк техникалық қарап-тексеруден өтуі тиіс.
ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің бұйрығына сәйкес тракторларға және олардың базасында жасалған өздігінен жүретін шассилер мен механизмдерге, монтаждалған арнайы жабдығы бар тіркемелерді қоса алғанда, олардың тіркемелеріне, өздігінен жүретін ауыл шаруашылық, мелиоративтік, және жол-құрылыс машиналары мен механизмдеріне, жүрiп өту мүмкiндiгi жоғары арнайы машиналарға жыл сайын мемлекеттік техникалық байқау жүргізіледі. Шараның І кезеңі көктемдегі дала жұмыстарына қатысқан машиналарға өткізілді. Енді ІІ кезең - жиын-терім жұмыстарына қатысатын машиналардың жарамдылығы тексеріліп жатыр.
Осы орайда құрамында өкілетті тұлғалар - Теректі ауданының кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы, мемлекеттік инженер-инспектор Ерлан Қазбенов, Теректі ауданының төтенше жағдайлар бөлімі, жергілікті ауылдық округ әкімі аппараты қызметкерлері бар жұмыс тобы алдын ала бекітілген кестеге сай ауылдарда болып, мемлекеттік техникалық байқау жүргізіп жүр.
- Машиналардың техникалық жай-күйiн бағалау, ақауларын анықтау және ескерту мақсатында жүріп жатқан шара барысында өрт сөндіру құрал-жабдықтарының түгел және жарамды болуы ерекше назарға алынды. Әсіресе, шөп шабуға шыққан тракторлардың ұшқын сөндіргіштері болуы, от сөндіргіш, күрек-сыпырғымен жабдықталуы – өрт қауіпсіздігінің алғы шарты. Қазір біз шөп шабатын 600 трактордың 541-ін мемлекеттік тексеруден өткіздік. Тексеру кезінде көлік жүргізушілерді жеке басы және өрт қауіпсіздігі ережелерімен мұқият таныстырып, пысықтап отырамыз,- деді Ерлан Хамитұлы.
Камелия Өтеу,
Теректі ауданы,
zhaikpress.kz