29.12.2020, 16:33
Оқылды: 61

ІТ технологиялары – болашақ кепілі

Бүгінде күн сайын қарыштап дамыған ақпараттық технологиялар заманында IT-мамандарының үлкен сұранысқа ие екені белгілі. Осы орайда тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын ұсынып, елімізде ІТ саласын дамыту мәселесіне ерекше ден қойған еді. Бұл бағдарламаға үлес қосу үшін «Nur Otan» партиясы «1000 тегін ІТ-сыныптар» партиялық жобасы аясында тегін ІТ-орталықтар мен IT-сыныптар ашып, IT-мамандар даярлау ісін жүйелі жүргізуге білек сыбана кіріскен болатын.

588a5dad-bbfd-42b1-83c5-f6e284d719e9

Біздің Теректі ауданы да мұндай үлкен мүмкіндіктен құр қалмады. Қазіргі таңда аудан бойынша Федоровка қазақ, Федоровка №1, Шаған, Ақжайық, Подстепный қазақ жалпы орта білім беретін мектептерінде 5 IT-сыныптар жұмыс істейді. Оқушыларының жаңа технологияларды меңгеруіне мүмкіндік беретін бұл  ІТ-сыныптардың жалпы соммасы 13 млн. 281 мың теңгені құрап отыр. Әр мектептің кабинетіне 3 млн. 320 мың теңге қаржы жұмсалған. Сыныптар оқушыларға арналған жиҺаз, 3D принтер, арнайы тақта, компьютерлер жиынтығы, роботтық конструкторлармен жабдықталған. Бұл ІТ-сыныптарда балалар «3D модельдеу», «Робототехника» және «Бағдарламалау негіздері» бойынша тереңдетілген білім алуда.

Ауданда оқушыларға жаңа технологияларды меңгертіп, робот құрастырудың қыр-сырын үйретіп жүрген ұстаздар жетерлік. Солардың бірі – Подстепный қазақ жалпы орта білім беретін мектебі директорының ақпараттық-технологиялар жөніндегі орынбасары Дамир Бердібеков. Көп жылғы еңбегі, білім беру жүйесін дамыту, өскелең ұрпақты тәрбиелеуге қосқан үлесі мен жеткен жетістігі үшін Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің алғыс хатына лайықты деп танылған Дамир Жұмантайұлы шәкірттерінің сабақтан тыс уақытта техникалық бағыттағы қабілеттерін шыңдауға атсалысып жүр.

dc094e41-6222-4f47-ab70-53d46e744b90

2007 жылдан бері Подстепный қазақ жалпы орта білім беретін мектебінде қызмет ететін Дамир Бердібеков ІТ саласы бойынша білім алушылар санының артып, бәсекелестер қатары көбейген уақытта оқушыларының өзгелерден оқ бойы озық шығып, жоғары сұранысқа ие маман атанулары үшін бар күш-жігерін салып еңбектенуде.

- Мектебімізде 2019-2020 оқу жылында «Nur Otan» партиясы және Теректі ауданының әкімі болған Әділ Жоламановтың қолдауымен білім беру саласын цифрландыру, мектептерде электронды күнделік жүйесін енгізу және бағдарламалау, робототехника негіздерін оқыту үшін IT-сынып ашылды. Содан бері оқушылардың жаңа технологияларды меңгеріп, роботты еркін құрастыруды игеруі үшін жұмыстанып келеміз. IT-сыныптың пайдасы зор. Балалардың креативті ойлау қабілетін жетілдіреді. Компьютерлік техниканы меңгерген жастар қисынды ой түюге, терең пайымдауға икемді болады. Болашақта ІТ мамандарға деген қажеттілік арта түседі. Ол сұраныс қазірдің өзінде де көп. Сондықтан көштен қалмаудың қамын жасау керекпіз. Жаппай цифрландыру бағдарламасын қолға алған елімізде IT-сыныптармен қатар ІТ-орталықтардың да көбейгені дұрыс. Сонда кез келген жұмыссыз азаматтар кем дегенде бағдарламалау негіздерін меңгеріп, инженерлік графика әзірлеуге, бейнемонтаж жасауға, дербес компьютерлерді диагностикадан өткізіп, жөндеуге және робот техникаларымен жұмыс істеуге машықтанушы еді, - дейді подстепныйлық ІТ-маман.

Заман талабын толық ұғынған Дамир Жұмантайұлының шәкірттері де осал емес. Аудандық, облыстық, республикалық, тіпті халықаралық байқаулардан алғыс хат арқалап, жүлдемен оралып жүрген ұстазының жолын қуып, мерейін тасытып жүр. Атап айтсақ, Сұлтан Ғалымжанов, Батырұлан Бижан, Дамир Есенбек, Мирас Бақтыбай, Ернар Асылбеков, Нұрлыбек Оспанов, Әлішер Жолдыгалиев, Бақытбек Темірхан, Ұлағат Қален, «P-kaz SOSH» командасы түрлі аудандық, облыстық, республикалық, халықаралық білім додаларының  І-ІІ орын жүлдегерлері, сертификат, алғыс хат иелері.

Мassaget.kz сайтының ақпаратына сүйенсек, 2030 жылға таман роботтардың дизайнын қалыптаструшы, нейрожүйені құрастырушы, жасампаз ғимараттардың сәулетшісі, «ақылды» жолдарды салушы, зияткер энергожүйенің инженері, виртуальды әлемнің сәулетшісі, BIM-менеджер немесе BIM-инженер, медициналық роботардың операторы, нейроинтерфейстердің жобасын жасау, гендерді өңдеудің маманы сынды технологиямен тығыз байланыстағы жаңа мамандықтар пайда болады деген болжамдар бар.

Олай болса, барлық әлем жұрты ІТ-саласын дамытуды қолға алған кезде шәкірттерінің болашағын ойлап, кәсіби маман болып қалыптасуы жолында еңбектеніп жүрген Дамир Жұмантайұлының жұмысы – құптарлық іс.

 

Аягөз Айтқалиева,

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале