Қазіргі уақытта жастардың уақыты байланған әлеуметтік желіге «TikTok» деген қосылыпты. Атауы көңілге күдік ұялатпағанымен, ішіндегі кейбір дүниелерді көрсеңіз, бетіңізді шымшисыз. Қазірде ғаламторда желдей ескен «TikTok»-тың қолданушылар саны ютуб, инстаграм, фейзбукты да басып озып, бірден жайпақ жұртқа танылды. Онсыз да карантин мерзімінде не тындырарын білмеген адамға бұл уақыт өткізуге тіптен үйлесіп кеткен еді.
«TikTok» әлеуметтік желісі Қытайдан бастау алғаны әмбеге аян. 2016 жылы пайда болған «TikTok» – 15 секундтық музыкалық видеороликтер түсіріп, бөлісуге болатын әлеуметтік желі. Видеоға сай келетін музыка таңдап, ән мәтініне немесе фильм сөздеріне ілесіп орындауға болады. «TikTok» Instagram мен Snapchat-тың қоспасы іспеттес. Желіде екі лента бар: жазылымдар мен ұсынылатын видеолар. Видеоға лайк басып, пікір жазуға, өзге қолданушыларға жазылуға болады. Бағдарлама шеті жоқтай көрінетін лентаны ақтарып отыратын қолданушыны дәл Instagram сияқты жіпсіз байлап қояды» деп түсіндірілген.
«Атың шықпаса, жер өрте»
Біреулер үшін жай қызығушылық болса, ал кейбіреулері мұны табыс көзіне айналдырып отыр. Айталық, бұл әлеуметтік желіде көңілді көтеретін қызықты бейнебаяндар да жоқ емес. Алайда пайдасынан зияны көбірек пе дейміз. Бұл туралы біз психолог маман Анаргүл Орынғалиеваның пікірін білуді жөн көрдік. «Тик-ток» қазіргі таңда әлем назарын жаулаған, әлемдегі ең танымал әлеуметтік желінің бірі болып есептеледі. Ал мен өзім бұл қысқа музыкалық бейнероликті мүлдем қолдамаймын. Нендей тәрбиелік мәні бар? Десек те, сол тик-ток әлеуметтік желінің саны қазірде артпаса, азаймайтыны анық. Бұл көбіне жасөспірімдер арасында танымал. Тик-ток әлеуметтік желісіндегі трендті түсіремін деген әр жазылушы біраз тер төгеді. Сондай-ақ бірінші түсірген кезде бірден шықпай қалса немесе іс-қиымылы музыкаға сай келмеген жағдайда жастардың ашуға булығатыны тағы бар. Түсініксіз лайк, қаралым деген бәлені жинау үшін түрлі қимылдармен өнерлерін көрсетіп, одан қала бере ұяттан асатын қылықтар да көрсетіп жатады. Сөйтіп жастар арасында көреалмаушылық, бақталастық, қызғаныш сезімі пайда болады деп есептеймін. Бұлардың өзі жасөспірімдер мен жастардың психологиясына және жүйке жүйесіне едәуір зиян алып келері сөзсіз. Одан әрі үлгі тұтарлық дейміз бе, үлкен, ересек адамдар да, ерлі-зайыптылар да, қала бере жүкті әйелдер де қалыспайды.
Не болса да, қазақы әдеп, дәстүр шетке ысырылып, жастарымыздың ой-санасы өзге елдің менталитетіне үйреніп кетпесе екен дейміз, - дейді ол.
«Атың шықпаса, жер өрте» демекші, соңғы кезде арзан танымалдылықты қуған тик-ток қолданушылары елді елең еткіземін дей жүріп, ардан аттап жататындары мұнда жетіп артылады. «Тренд» деп таңнан кешке дейін камера алдында жартылай жалаңаш қыздар билеп, жігіттер ерсі қылықтарымен елдің есін шығаруда. Алайда ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін білмейтін жеткіншек, яки жасөспірімдер олардың әрекетін қайталап, түрлі педофилдердің арбауына түсіп жатқандарда бар екен.
Бұл ретте біз тик-ток желісін қолданушы оқушымен де тілдесіп, ойын білген едік. «Тик-ток – бұл қысқа музыкалық бейнелер мен хабарламалар жасауға арналған қосымша. Бұл тіркеме (приложение) Қытайда, Кореяда, Америкада жақсы дамыған. Ал қазір басқа елдерде қарқынды дамып келеді.
Менің тик-ток түсіретін себебім: онда әртүрлі жанрда видео түсіруге болады. Мысалы: ән айтып, би билеп, әр түрлі «челлендждерді де» көрсетуге мүмкіндік бар. Өйткені көп қаралым жинайды. Сонымен қатар мұнда 15 секундтық видео түсіріп, танымал болуға болады. Дегенмен, бұл қосымшаның да теріс жақтары жетерлік. Ол – бар уақытың осы бір әлеуметтік желіге кетіп, уақытың жоғалады. Сондай-ақ бұл желі арқылы кез келген парақша танымал бола алады және өз жанкүйерлеріңді табуға болады» - дейді Дина Тілекқали (8-сынып оқушысы).
«Не түсер құр күлкіден жыртың-жыртың»
Бәрі былай тұрсын, ұлағатты һәкім Абай атамыздың бейнесін шетелдік әуенді қоса отырып, селкілдетіп билеген видеосы тик-токтың трендіне айналғанын көрсеңіз жағаңызды ұстайсыз. Бәрін қойып, енді ұлы тұлғаларымыздың рухын, бейнесімен осылайша мазақтап ойнау қалды. Сайып келгенде осыны өзге емес, өзіміздің қаракөз ұл-қыздарымыз екендігі өзегімізіді өртеп қынжылтады. Бұл бітті ме десек, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөккейханов сынды ұлт зиялыларының бейнесін пайдаланғаны желіні тағы да шулатты. Ұлы тұлғаларымызды, ұлт зиялыларын аяқасты ету арқылы сонда бұларда не мақсат болды деген түсініксіз сұрақ ойымызда қалды?
- Даму үстінде болу маңызды. Жаңалықтардан қалыспай,заман ағымына ілесе білген жөн. Шоқан Уалиханов өз жазбаларында еліктеу туралы жазады. Қазақ халқының еліктегіш екеніне тоқталып, «осы қасиетті дұрыс жаққа бағыттаңдар» деп өсиет еткен. Расында, еліктеуді дұрыс пайдалансақ деймін. Мағынасы, мәні бар дүние салынса, пайдасы тиер еді. Осындай бос дүниелерден жастар сауатсыз болып барады. Сауатты ұрпақ жоғалса, ұлтымыз жоғалары сөзсіз. Өзімізді мойындату үшін білімді де білікті халық болу маңызды, - дейді блоггер Аяқбаян Нұрланова.
Қозғап отырған осы мәселеге ой жүгірткенде Абай атамыздың:
-Тиянақсыз, байлаусыз байғұс қалпың,
Не түсер құр күлкіден жыртың-жыртың, - деген өлең жолдары тілімізге оралады. Иә, ұлы халқымыз ұл-қыздарына теріс тәрбие көрсетпеген, тентегін тезге салған, ақымағын жөнге салған... Бәрінде бесіктен басталған тәрбие арқылы адамдарды имандылыққа, теріс қылықтан аулақ болуға үйреткен. Бүгінде бізге сол тәрбиенің тіні жоғалғандай көрінеді.
Түйін
Еңкейген шалдан, еңбектеген балаға дейін танымал тик-токтың қолданушыларына айналды. Сондықтан қазірден алдын алу үшін баланың не көріп, не үйреніп жүргеніне әрбір ата-ананың хабардар болуына толықтай құқығы бар. Жастар мен жасөспірімдердің дұрыс тәрбие алуына жіті көңіл бөліну қажет.
Ал тик-ток атты әлеуметтік желінің де белгілі уақыт өткен соң шегі болар. Қазір бұғанкөніп, ұл-қыздарыңыздың не түсіргенін тексеріп жүруден басқа амал жоқ. Мәселен дәл қазір сіздің балаңыз не істеп, не көріп жатыр?
Жаннұр Берікқызы,
Жаңақала ауданы
zhaikpress.kz