Таудай талабы мен еңбегінің арқасында көркейген жандар арамызда аз емес. «Бақытын еңбектен тапқан адам» деп жатады халық даналығы мұндайда. Еңбекті жанына жақын тұтып, ерте есейген сондай жандардың бірі – Сабырбек Нұрышов. Қолы тиген істі домалата жөнелетін кейіпкеріміз Теректі ауданына қарасты Пойма станциясында теміржолшы қызметін адал атқарып жүр.

Шырайлы Шыңғырлау ауданына қарасты Қайыңды ауылы – оның кіндік қаны тамған жері.
- 1976 жылы дүниеге келіп, туған ауылымның топырағына аунап, суына шомылып өстім. Ата-анамыз кішкентай кезімізден бастап «Еңбек еткеннің еңсесі биік болады» деп санамызға құйып өсіргендіктен болар, осы асыл сөз өмірлік ұраныма айналды. Сөйтіп, тіршіліктің тамыры еңбекте екенін ерте ұғындық. Ауылдағы мектепті 1991 жылы тәмамдап, 3 жылдай ағамның қасында болып, совхоздың малын бағуға қолғабыс еттім. Мұнан кейін 1994 жылы Семей қаласына әскерге аттандым. Міндетімді адал атқарып, 1996 жылы туған жеріме оралдым, - деген Сабырбек ағамыз дәл қазіргі таңда әскерге бармай қашып-пысып жүрген жастардың әркеттеріне таң қалатынын тілге тиек етті.
Елге келген сарбаз 1997 жылы отау тігіп, ата-анасын бағып, қамқорлығын көрсеткен. Кейін, яғни 2003 жылы жұмыстың һәм жанұяның қамымен Жайық ауылына қоныс аударуды құп көрген екен. Бұл ауылда ең әуелі элеваторда жұмысшы болып орналасқан. Ал 2008 жылдан бері Пойма ауылындағы станцияда теміржолшы жұмысын білек сыбана атқаруда. Жалпы, теміржол өте күрделі. Өйткені, қызығынан қиындығы басым сала. Соған қарамастан, ірі жүйеде ырғақты жұмыс жасап келе жатыр.
- Жүйіткіген пойыз жолын үнемі қадағалап, әр теміріне мұқият болу -теміржолшылардың міндеті. Себебі, бұл мамандық орасан зор жауапкершілікті қажет етеді. Қаншама адамның өмірі сенің қолыңда тұрғандай болады. Сондықтан үнемі сақтықпен қызмет етемін. Бір сәтте қателесуге болмайды. Халық – аманат. Сол себепті, жұмысым өзіме ұнайды. Осы жұмыстың жалақысымен жанұямды асырап отырмын. Әр нәрсеге сабыр танытамын. «Қанағат қарын тойғызады, қанағатсыз жалғыз атын сойғызады» демекші, төзім, қанағатшылдық керек. Сонда ғана бастаған ісіңнен нақты нәтиже шығады. Алла өзінің берер ризығын тауыспасын», - дейді еңбекқор азамат.
«Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген мақал әсте еңбекке жең түріп кірісетін осындай жандар хақында айтылса керек-ті.
Ел экономикасының күретамырына айналған Қазақстан теміржолы – мемлекеттің маңызды саласының бірі. Ел мен елдi, қала мен даланы байланыстырып отырған теміржол қатынасының экономика үшiн маңызы зор. Бiр сөзбен айтқанда, темiржолдың дүрсiлi экономиканың жүрек қағысын бiлдiредi.
Еліміздегі көлік логистикасының көшін бастаған шойын жол қызметкерлерінің тынымсыз еңбегі әрқашан қоғам назарынан тыс қалған емес. Осы орайда кейіпкеріміз Қазақстан темір жолының атынан алғыс хатпен марапатталды. Қызығынан қиындығы басым саланың жілігін шағып, майын ішкен мамандарға халықтың да алғысы шексіз.
Еңбек еткен адамның әмәнда қор болмайтыны белгілі. Бүгінде өзінің еңбексүйгіштігінің арқасында бел жазбай еңбек етіп, бір ұжымның мақтанышына айналып отырған Сабырбек Нығметұлы сынды жандардың саны арта берсе, нұр үстіне нұр болар еді.
Сабырбек аға жолдасы Асылзат апай екеуі – үш бала тәрбиелеп отырған шаттыққа толы жанұя. Шаңырақтан қуаныш үні естіле бергей!
Самал Жамет,
Теректі ауданы
zhaikpress.kz