Біздің бүгінгі басты кейіпкеріміздің аты-жөні Сартаев Әлібек Дүйсенғалиұлы. Тап қазір қырықтың тоғызындағы бұл азамат кіндік қаны тамған Жалпақтал ауылында түтін түтетіп, шаруасын шалқытып отыр. Шаруасын шалқытып отыр деп айтуға ғана оңай, әйтпесе, тек «Өзек» тоған шаруашылығын тіркетіп, жұмысын жолға қою үшін қаншама құжат жинап, нешеме бюрократиялық кедергілермен бетпе-бет келуге тура келді...
«Өзекке» сенгеннің өзегі талмайды
Таза қазақы ауыл-аймақтар үшін тоған шаруашылығы әлі күнге дейін тосын кәсіп, таңсық шаруа көрінетіні рас. Дүйсенғалидың Әлібегіне осы қыры-сыры беймәлім жұмысты қолға алуға өзі өсіп-өнген ауыл-аймаққа деген жанашыр-лығы түрткі болған.
– Жалпақталдың маңындағы өзен-көлдерде су мол жылдары олардың жағасынан, әсіресе жаз айларында кісі үзілмейтін. Үлкен-кіші суға шомылып, күнге қыздырынып, таза ауада, табиғат аясында апталап-айлап алаңсыз демалушы еді. Ал балықшылар мен аңшылар балығын аулап, құсын атып, қанжығалары армансыз майланып, миықтарынан күліп жүретін. Табиғат аясында демалушы-ларимен саятшылардың арасында ресейліктер де жетіп артылатын. Ал КСРО мемлекет ретінде ыдырап, орман-орыс Құдайдың қара суының өзін бұлдап-пұлдауға көшкелі бері жаңағындай жағамыз жайлаудағы жарқын күндер көзімізден бұл-бұл ұшты. Жыл өткен сайын Қараөзен мен Сарыөзеннің суы кеміген үстіне кеміп, сол себепті бақасы қойдай шулаған, балығы тайдай тулаған Балықты (Сокрыль) көлінің де басынан бағы тайды. Жеткілікті су мөлшерінің болмауы флора мен фаунаға өте ауыр тиді. Ерте көктемнен қара күзге дейін жап-жасыл болып көздің жауын алатын жағалау мен жасыл алқаптың өсімдіктер дүниесі кеміп, бояуы семіп, туған өңіріміздің өңі қашты. Су аздық қылғасын балық қоры күрт кеміп, су құстары мен біздің жақтағы аң атаулы ауып кетті. Міне, осы жағдайлар менің жаныма қатты батты. «Туған өлкемізді қалай түлетуге болады?» деген ой маза бермеді. Ақыры айналып келгенде, тығырықтан шығар жол – тоған шаруашылығы сияқты боп көрінді, – дейді Әлібек бауырымыз.
Әлқисса, аумағы 110 гектар «Өзек» тоған шаруашылығы 2019 жылдың алғашқы тоқсанында заңды тіркеуден өтіп, құрылды. Бірақ бұған дейін де Ә.Сартаев қарап жатпай, үздіксіз ізденумен болды. Тоған шаруашылығы туралы таным-түсінігін кеңейту үшін ғаламторға (интернетке) үңілді, аталмыш бағыттағы ғылыми-танымдық кітап-журналдарды оқыды, Алматыдағы Қазақтың балық шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары және ихтиолог мамандарымен, сондай-ақ осы білім-ғылым мекемесінің Батыс Қазақстан агротехникалық университетіндегі филиалымен тұрақты байланыс орнатып, олардың ақыл-кеңесіне құлақ түрді. Талай рет облыс орталығына аяқтай барып, облыстық су шаруашылығы басқармасы, аң және орман шаруашылығы саласының һәм балық қорғау инспекциясы мамандарына жолығып, олардың берген бағыт-бағдарын зердесіне тоқып, көңіліне түйді. Осындай талмай ізденіс пен қажырлы еңбек бүгіндері алғашқы нәтижелерін бере бастады...
Бауыржан Ғұбайдуллин,
zhaikpress.kz
Мақаланың толық нұсқасын "Орал өңірі" газетінің №91 санынан оқи аласыздар