27.10.2021, 15:00
Оқылды: 44

Тоғанас мешітінің азаны да, ажары да қайта оралды

Сырым ауданы Шолақаңқаты ауылдық округінің орталығы Тоғанастағы мешітке жылдың басында Орал медресесінің түлегі Қаныбек Құсайынов имам болып тағайындалып, көңілді бір қуантты. Он шақты жылдай жамағатсыз тұрған мешітке қарап, жүрек жылап жүр еді. Міне, Алланың үйінің азанымен бірге ажары да қайта орала бастағандай.

мешіт (1)

Адамдардың мақтауына емес, Алланың махаббатына асыққан жанашыр азаматтар қазіргі таңда ауыл мешітінің барын түгендеп, жоғын бүтіндеп жатыр. Ең бірінші шаруа – мешіт ішіне жылу жүйесі жүргізілді, су кіргізілді. Жақында шатыры жаңаланып, төбесіне күн сүйген күмбез орнатылды. Ауласы жаңа шарбақпен қоршалып, боялып, ішіне 10 түп алма ағашы мен 10 түп көктеректің көшеті отырғызылды.

– «Мынау жәрдемдесті. Мынау қолдады!» – деп ешкімді бөліп айта алмаймыз. Ауыл халқы да, сыртта жүрген түлектер де, бейтаныс азаматтар да – бәрі де атсалысып жатыр. Еңбек те, сауап та – жамағаттікі, – дейді осы істің басында жүрген азамат, бұрын Тоғанас ауылында имамдық қызмет атқарған Қади Жидебайұлы.

мешіт (3)

Тоғанастағы толайым іске облыстың өкіл имамы Бақытжан Құралбайұлы да үлес қосып, балалар ойын алаңын сыйға тартыпты. Қазіргі таңда мешіттің маңы балалардың шуы мен күлкісіне көміліп тұр. 

Бауыржан Ширмединұлы,

Сырым ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале