Тамыз айының үшінші жексенбісі - Спорт күні. Осы орайда біз аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің тәлімгері, тоғызқұмалық үйірмесінің жеткешісі Әділбек Исламғалиевке жолығып, осы ақыл-ой спортының маңыздылығы мен аудан жетістіктері жөнінде тілдестік.
Әділбек Мұратұлы 2017 жылы күз айында Тасқала аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде тоғызқұмалақтан жаттықтырушы қызметін бастаған.
- Тоғызқұмалақ - қазақтың ұлттық дәстүрлі ойындарының бірі. Бұл ойын ақыл-ойды дамытуға арналған. Ойының шарты бойынша арнайы тақтада екі адам арасында ойналады. Ойын тақтасы – екі қазан, 18 отау, 162 құмалақтан тұрады. Ойын басында әр ойыншыға бір қазан, тоғыз отауға тоғыз-тоғыздан салынған сексен бір құмалақ тиесілі, - дейді жаттықтырушы.
- Алғашында облыстық жарыстардан орын алу қиын болды. Тәжірибе жетіспеді. Тоғызқұмалақ туралы кітаптар сатып алып дайындалдық. 2018 жылы мамыр айында Жаңақала ауданында өткен тоғызқұмалақтан БҚО чемпионатынан шәкіртім Гүлзира Мұқашева алғаш рет ҚР чемпионатына жолдама алды. Маусым айында Ақтөбе қаласына ҚР чемпионатына бардық. Үлкен тәжірибе жинақтадық. Сол жарыста әлемнің 9 дүркін чемпионы Әсел Далиеваның кітаптарын сатып алдым. Оның ішінде тоғызқұмалақ жүрістері, дебют, этюд тағы басқалары бар. Сонымен тоғызқұмалаққа деген қызығушылығым одан сайын артты. Аталмыш спортты аудан көлемінде дамыту үшін 2019 жылғы БҚО-да тоғызқұмалақтан өтетін чемпионатты Батыс Қазақстан облысының аға жаттықтырушысы Дәулет Абдикаримовтың демеуімен Тасқала ауданында ұйымдастырдық. Жарысымыз ойдағыдай өтті. Павлодар қаласында өтетін ҚР чемпионатына Марлен Сапаков мен Гульзира Мукашева жолдама алды. Бардық. Тәжірибеміз жетпеді. Орын ала алмадық. Одан кейін өздеріңіз білетін карантин басталды. Балалармен дайындық тоқтамады. Сабымызды кішкентай бүлдіршіндер толықтырды. Сол бүлдіршіндердің ішінде, биылғы ҚР чемпионатының жүлдегері Малика Шукеевада болатын. Ол кезде кішкентай жеті жасқа толған кезі еді, - деп Әділбек Мұратұлы өткенге көз жүгіртті.
Ал Малика Шукеева 2012 жылы 23 қаңтарда Тасқала ауылында дүниеге келген. 2019 жылы Тасқала аудандық «Балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің» тоғызқұмалақ бөліміне жазылған. 2020 жылы Тасқала ауданының кіші жасөспірімдер арасында І орын иеленсе, 2021 жылы БҚО чемпионатында 9 жастағы қыздар арасында классика түрінен чемпион, блицтан ұлдар арасында ІІІ орын иеленді. Семей қаласында өткен жарысқа қатынасты. Осы уақытқа дейін түрлі деңгейдегі жарыстардың жеңімпазы және жүлдегері. Спорт шеберілігіне үміткер деген атағы бар. 2023 жылы БҚО чемпионатында рапид түрінен жүлдегер атанып, ҚР чемпионатына жолдама алды. 2023 жылдың 20-30 маусым күндері Қарағанды қаласында өткен тоғызқұмалақтан ҚР чемпионатында 11 жастағы қыздар арасында рапид түрінен ІІІ орынға ие болған.
- Жарыста қатты қобалжыдым. Ойын барысында уайымдап отырдым. Қиындақтар да болды. Қарсыластарым да әр түрлі болды. Жарысқа дайындалғанда жаттықтырушым көп көмектесті. Дебюттарды жаттап, ойындарды талдадым. Жаттықтырушым берген тапсырмаларды қалдырмай орындадым. Жеңіске жетуіме соның көп көмегі тиді, - дейді Малика Шукеева.
Назерке Шайхоллақызы,
Тасқала ауданы
zhaikpress.kz