Жуырда Орал қаласында тоғызқұмалақтан 20 жасқа дейінгі жастар арасында командалық чемпионат өтті. Деңгейі жоғары бұл жарысқа өңірімізден 11 команда қатысып, бақ сынады.
Үш күнге созылған ақыл-ой додасында, аудандық балалар жасөспірімдер спорт мектебінің Ұлттық дәрежедегі төрешісі, жоғары санатты тоғызқұмалақ бөлімінің жаттықтырушысы Қайрат Шаутенов дайындайтын жас спортшылардың бағы жанып, командалық есепте ІІІ орынға ие болды.
Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Қ.Есендияровтың қолы қойылған дипломға және кубокке ие болған өрендердің қуанышында шек жоқ.
- Спортшыларды жарыс шыңдайтыны сөзсіз. Жақсы дайындықпен, көтеріңкі көңіл күймен бардық. Сенім білдірген шәкірттерім үмітімізді ақтады. Алдағы уақытта да тынбай еңбектеніп, аудан атын асқақтатуға үлес қосатын болады,- дейді тоғызқұмалақ бапкері Қайрат Маратұлы.
Ж.Болатбекұлы,
Жаңақала ауданы
zhaikpress.kz