Той жасап, отбасылық салтанатты шараларды кеңінен атап өтуге болады. ҚР Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Ерлан Қиясов қыркүйектің 25-інде жарияланған №44 қаулысы шығып, ресми түрде рұқсат етілді. Десе де сақтауға тиісті талаптар мен қатаң бағынуға мүдделі шектеулер бар. Кімдер той жасап, кімдер тойшы боп, орта толтырып қуаныш бөлісе алады? Осы сауалдарға жауап іздеп, Бөкей ордасы аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Света Рамазановаға жолыққан едік.
– Соңғы қаулы бойынша өзгерістер енді. Енді түрлі отбасылық жиын, той өткізуге болады. Бірақта онда да санитарлық нормаларды сақтау шарт. Жалпы бұл жеңілдік республика, облысымыз бойынша да тұрғындардың 60 пайыздан астамы екпе алып, қоғамдық иммунитет қалыптасты деген бағытта жасалса керек. Нақты ауданымыз бойынша айтар болсақ, ауданда 16 қоғамдық тамақтану орны бар. Соның 9-ы тойхана болса, қалғандары шайхана, кафе санатындағылар. Қазіргі қаулы негізінде ауданымызда 70 адамға дейінгі көпшілік жиын өткізуге рұқсат бар. Ескертетін жағдай тойхананың сыйымдылығы межелі адам санына еш әсер етпейді. Яғни, мейлі ол 100 не 200, не одан да көп қонаққа арналған тойхана болса да, рұқсат тек 70 жанға беріліп отыр. Әрі бұл рұқсат тек «Ashyq» жүйесіне тіркелген кәсіпкерлерге қатысты. Оның үстінде қонақтардың барлығы да аталмыш жүйенің жасыл не бейтарап жолағында болғаны жөн. Олай болмаған жағдайда қонақтар әкімшілік жауапкершілікке тартылады.
«Ashyq» жүйесі негізінде қазірдің өзінде ауданымыздың 103 тұрғыны жауапкершілікке тартылмақ. Бұл азаматтардың дені қаладағы сауда не басқа да көпшілік орындарында болып, жүйеге тіркелгендер. Олар туралы тіркелген жері, яғни біздің басқармаға мәлімет келіп, бір азаматтан өзгелері қалада тұратындықтан, шара алу үшін тұрғылықты жеріндегі органға жолданды. Ал ауданымыздағы азамат шақыртылуда. Айталық, жауапкер «Ashyq» жүйесінің сары жолағында болған болса, ескерту беріледі, ал қауіпті саналатын қызыл жолағында көрініс тапса, тиісті айыппұл салынады. Мұның барлығы да адам бостандығын шектеу емес, халық саулығын сақтау үшін жасалуда,-деді ауданның бас санитары.
Жақсы, той жасауға рұқсат берілді. Арнайы қосымша арқылы той жасауға, не қатысуға рұқсат ала алады делік. Бірақ сол талаптың сақталуы қалай болмақ? Той қонақтарының саны жетпістен асты ма, қонақтардың бәрі арнайы қосымшадан өтті ме? Мониторингтік топтардың құзыреттілігі қандай? Осы сауалдарымызға «талаптар мен шектеулердің сақталуын қадағалаудың арнайы алгоритмі міндетті түрде қабылданады, алдағы уақытта қосымша хабардар етеміз» деген жауап алдық.
Раушан Жанатқызы,
Бөкей ордасы ауданы
zhaikpress.kz