24.08.2022, 12:00
Оқылды: 98

Тоқсанға келген тыл ардагері

Ардақты тұлға, тыл ардагері, алтын құрсақты ана Мағрипа Мұхаметжанова 90 жасқа келді. Ел басына күн туғанда ерлікпен еселі еңбек етіп, елдің алғысын арқалаған, қара жұмысқа жегіліп, саналы ғұмырын бүгінгі толқынның болашағына арнаған абыз әженің мерейтойын Казталов ауданына қарасты Бостандық ауылының жұртшылығы салтанатпен атап өтті.

3

Көптің алдында беделі асып, абыройы тасып, мәдениет үйінің төріне жайғасқан апамыздың елдің құрметіне бөленіп отырғанын көріп сүйсіндік. Ұл-қыздарының, туыстарының, ауылдастарының және шақырылған қонақтардың ортасында қуанышы байқалады. Көненің көзі, ауырпалықтың не екенін көріп өскен Мағрипа апамыз әлі де тың. Уақыттың Ұлы көшін ұмытуға мүмкіндік бермейді.

Тыл ардагерлерінің еңбегі қоғамда әлі толық айтылмай, көңіл аударылмай келеді. Түнде ұйқы, күндіз күлкі көрмей, соғысқа аттанған азаматтардың тілеуін тілеп, жеңісті жақындатуға зор үлес қосқан жандар әлі арамызда жүр. Солардың бірі Мұхамбетжанова Мағрипа Беспішен ауылдық кеңесінде дүниеге келді. Әкесі Мұхаметжан колхоз тракторшысы болып жұмыс жасаған, ерте қайтыс болды. Барлық ауыртпалық анасы Қалима екеуіне түсті. Соғыс басталып ел басына күн туған кезде кейіпкеріміз қол қусырып отырып қалмады.  Жасынан еңбекқорлығымен ерекшеленген апамыз қара жұмысқа жегілді. Өрімдей қыз 6 өгізді жетектеп, сабан айдап жер жыртты. Жылқы бағып, ер азаматтың жұмысын атқарды. Колхоздың алдыңғы қатардағы сауыншысы болды. Ауыр шаруаны атқара жүріп, нан мен қара суға зәру болған кездері мойымай табандылық танытып, жұмысын атқара берді. Сол кезде ер адамдармен қатар иық тіресе еңбек етіп, нәтижеге қол жеткізіп жүрген қыз-келіншектер аз болмаған. Айталық, апамыздың құрдасы және ауылдасы беспішендік Ұлжан апамыз да (бүгінде өмірден өткен, ұрпақтары Нұрсай ауылында тұрады) сол кезде асауды үйреткен шабандоз болған. Мейрамдарда белін буып, ер адамдармен қатарласа күреске шығып жүргенін ауылдастары аңыз қылып айтады. Бала күнімізде бізге де аталарымыз бен апаларымыз аңыз болған. Бүгінде солардың орны ойсырап тұрғандай.

Орал қаласынан әдейі келіп салтанатты шараға қатысқан  Жапақов Серікбай ағамыз Мағрипа апамыздан көп кіші болса да бір класта отырып бірге оқығанынан естелік айтты. Апамыз 1948 жылдан бастап сауат ашып, ұстазы Уәсила Құсайынқызының жетегімен 1954 жылы жеті класты 22 жасында тамамдаған.

1960 жылы Қаракөл ауылының тумасы Тайыров Тұрарбек сынды азаматқа тұрмысқа шықты. Өзі тұрмысқа кәрі қыз атанып шыққанын айтып, отбасылы болуына сол кездегі аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Қабира апайдың себепші болғанын естігенде біраз күліп алдық.  Бостандық кеңшарында сиыр, қой бағып, мал шаруашылығы саласында абыроймен еңбек етті. Өмірдің сан тарау асуларынан бірге өткен Тұрарбек ағамыз өмірден өткен соң да еңбектен қол үзген жоқ.

Бүгінгі таңда қара шаңырақтың ұйытқысы, ақылшысы болып отырған абзал ана 9 құрсақ көтерген. Содан өмірдегі екі ұлы мен бір қызынан тараған немере, шөберелерінің ортасында солардың амандығын тілеп отырады. Өмірінің көп бөлігін далада көшіп-қонып жүріп мал баққан апамыздың отбасы бұрынғы кеңшар кезінде салынған үш пәтерлі барактың бірінде тұрып жатқанын естігенде түңіліп қалдық. 2000 жылдан «Нұр-Отан» партиясының мүшесі, биыл «AMANAT» партия билетіне ие болған ардагер, тыл еңбеккері үйінің тар екенін алға тартып, пәтер сұрап бірнеше рет аудан әкімдігіне жолыққан, тұрғын үйге кезекке қойылғанымен әлі үйдің ауылы алыс сияқты. Салтанатты жиында ауыл әкімі Асланбек Сармалаев аудан әкімі Рүстем Зұлқашевтің құттықтау хатын табыстап, жиналған жұртты апамыздың отбасы таяу арада кең, қолайлы үйге қол жеткізу мүмкіндігі қаралып жатқанын айтып бір қуантып тастады. Тыл ардагерлеріне қамқорлық жасау өзінің борышы екенін жеткізді. Жиналған жұрт ду қол шапалақтады.

Ауылдың анасына айналған, батыр әжемізді Бостандық ауылының тұрғындары елдің патриоты санайды. Тоқсан жасында үйдің жұмыстарын тындырып жасайтынын, тіпті өзінің мерейтойына арналған дастархан тағамдарын жасауға да атсалысқанын ауылдастары мақтанышпен айтады. Осының өзі әжеміздің өмірге деген көзқарасынан туындап жатқан жәйлар. Елдің тыл еңбеккеріне деген құрметі және олардың еңбегі ешқашан ұмытылмайтынын бостандықтықтар тағы бір паш етті.

4

Мағрипа апа зейнет жасында да қарап отырмады. Ол көп жылдар ауылдағы «Асыл әжелер» ансамблінің белді мүшесі ретінде концерттік бағдарламалармен ауданның елді-мекендерінде облыс орталығы Орал қаласында болды. Концерттік даярлыққа күнде жеті шақырым жерден жаяу келіп-кетіп жүргенін ансамбль мүшелерінен естідік. Нәтижелі іске деген жауапкершілік осындай болса керек. Апамыздың даусын бала кезімде естіп, сол жадымда сақталып қалыпты. Колхозшылардың алдына шығып, ән салатын. Еңбек адамдарының ерлік ісіне арналған «Тракторшы қарындас» әнін қуатты дауысымен шырқағанда халық қошемет көрсететін. Сол дауысы тоқсанға келгенде де сыры кетпеген. Сахна төрінде сол әнді шырқап көптің ризашылығына бөленді.

Осындай ардагер аналарымыздың кешегі өмір тарихын көздері тірі тұрғанда жазып қалдыру бүгінгі ұрпақтың парызы. Қазыналы қарттарымыздың ортамызда әлі де жүре тұруын қалаймыз. Бұл адамдардың өмір жолы бізге өнеге, сабақ. Тоқсанға келген Мағрипа әже өткен өміріне үңіліп, ғұмырын еңбекпен өрнектегеніне шүкіршілік етеді.

Уәлиолла Әбішев,

еңбек ардагері

Казталов ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале