Сырым ауданы әкімінің орынбасары Асланбек Сарқұлов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әнуарбек Ғалымов, Жымпиты ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы, Жымпиты ауылдық округі әкімінің міндетін атқарушы Қарасай Исмагулов торқалы тоқсан жасқа келген Фатима Валитованы құттықтап, шаңырағына арнайы барды. Басшылар кейуананың хал-жағдайын сұрап, ізгі тілектерін білдіріп, иығына қамзол кигізіп, жаулық жапты.
Ерен еңбектің үлгісі бола білген Фатима Ахмедқызы екі жыл бұрын өмірден өткен ері Сакко Валитовпен бүкіл саналы өмірін Жымпитыда өткізді.
Әжей – тыл ардагері. Балалық шағы Ұлы Отан соғысы жылдарымен сәйкес келіп, әрі оқып, әрі жұмыс жасауға мәжбүр болды. 20 жыл Жымпиты поштасында телеграфшы, морзе операторы, телефонист болып жұмыс істеді. Кейін 21 жыл метрологиялық стансада техник болып еңбек етті.
Азаматымен Жанна және Надия есімді қос қызды тәрбиелеп, оларға жоғары білім берді. Қыздары да 40 жыл ұстаздық етіп, бүгінде зейнетке шықты. Жиені Тайваньда тұрады. Жанна Татарстанда, Надия Орал қаласында тұрса да, кезекпен келіп аналарына қарасады. Зейнеткер ұстаздар аналарына еркелей: «Біз анамызға әлі баламыз», - дейді күліп. Бүгінде Фатима әжей ері Сакко Сабирұлы салған үйде тұрады. Бұл үйдегі тарихи Столыпин үстелі, Алашорда кезіндегі орындықтар музейге тапсырылды. Тоқсанға келген кейуана намазын оқып, жаратқанға құлшығын жасайды. «Вирус Қазақстанымнан кетсе екен» деп тілейді.
Шынар Молданиязова,
Сырым ауданы
zhaikpress.kz