Т.Жароков атындағы орта мектебі алғаш 1935 жылы білім алушыларға есігін айқара ашты.

1965 жылы мектепке ақын Тайыр Жароковтың есімі берілді. Құрылған күннен бастап мектепті орта есеппен 3 мыңнан аса оқушы бітіріп шықты. Аталмыш мектепті тәмамдаған түлектер арасында ғалым-механик, техника ғылымдарының докторы, профессор Шмидт Айталиев, химия ғылымдарының докторы Ажар Ілиясова, Қазақстанға еңбек сіңірген оқытушы Тамара Ахметова да бар.

Биыл білім ордасының іргесі қаланғанына 90 жыл толып отыр. Осыған орай бүгін «Тарихы тұғырлы, білімі ғұмырлы мектеп» атты салтанатты шара ұйымдастырылды. Т.Жароков атындағы орта мектебінен түлеп ұшқан әр жылдың түлектері мен зейнеткер ұстаздардың басы білім ордасының төрінде қосылды.

Алдымен шараға арнайы шақырылған қонақтарды мектеп басшылығы, ұстаздар мен биылғы түлектер мектеп алдынан салтанатты түрде қарсы алды. Алдын ала құрылған киіз үйде ақтан ауыз тиген келушілердің назарына, сол тұста мектеп жетістігі баяндалған слайд ұсынылды.

Кейін 2007 жылғы мектеп түлектері тарту еткен Тайыр Жароковтың ескерткішіне гүл шоғын қою рәсіміне кезек беріліп, ардагер ұстаз Қабаш Жүнісов пен аудандық мәслихат төрағасы Тахир Кадимов салтанатты рәсімді орындады. Аталмыш мектеп директорының міндетін уақытша атқарушы Мереке Құбаев жиылғандарға «қош келдіңіз» айтса, Тахир Зинұрұлы құттықтау сөзін сөйлеп, торқалы тоқсан жылдықпен құттықтады. Әрмен қарай мектеп фойесінде «MEKTEP KUNI»жобасы аясында ұйымдастырылған фасилитациялық көрме назарға ұсынылып, арқа-жарқа болып естеліктерін айтысып, мәз болысқан ұстаздар қауымы мен түлектер мектеп музейін тамашалады, заманауи жабдықтармен жабдықталған сынып бөлмелерін шолып, таңданыстарын жасырмады.
Шара мектептің акт залында жігерлігі мен білімі арқылы өзіндік өмір жолдарын қалыптастырған білікті басшылар мен дана ұстаздарға арналған «Storytelling Time» «Мектеп. Ұстаз. Уақыт» атты естеліктер алаңында жалғасын тапты.
Алаңда республикалық, облыстық ақындар мүшайрасының жүлдегері, Т.Жароков атындағы орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің жоғары санатты ардагер ұстазы- Маншүк Нұралиева, Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің Құрмет грамотасының және «Еңбек ардагері» төсбелгісінің иегері, 2009-2017 жылдар аралығында мектеп директоры, ардагер ұстаз Ерментай Жұмагереев, Орал қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің директоры, педагогика ғылымдарының магистрі, «Ы.Алтынсарин» төсбелгісінің иегері, мектеп түлегі Айдарбек Айтпөкешев ортадан табылып өткен жылдардағы мектептің педагогикалық мұрасы, мәдениеті, білім беру жүйесінің дамуындағы өзгерістер туралы әсерлі әңгімелерімен бөлісті. Сұрақ-жауаптар сесиясы өтіп, әр тараптардан қойылған сұрақтар оқылып жауаптар берілді. Тілектер айтылды.
Сонымен қатар, ардагер ұстаздар мектепке арнап сый-сыяпаттары мен құттықтаухаттарын берді.
Сондай-ақ мектеп әкімшілігі мектептің ардагер ұстаздарына 90 жылға арналған мерекелік медальдарын тарту етті.
Торқалы той аудандық мәдениет үйінде жалғасты.
Арай Сейфолла
Жәнібек ауданы