7.02.2022, 9:40
Оқылды: 131

Тоқсанның төріндегі ауыл

Туған өлке – әрбір жан үшін жүрек түкпірінен орын алатын киелі мекен. Ешбір жерге айырбастауға келмейтін, өзіндік қадір-қасиеті астасқан осынау киелі жер туралы ой толғау мен үшін зор мәртебе. Оның ішінде нағыз құндылықтың бұлақ басы, қайнар көзі саналатын ауыл жайлы әңгімелеу бөлек бір іс іспетті. 

Ауыл – руханиятымыздың  темірқазығы, ұлттық құндылығымыздың алтын бесігі, береке мен байлығымыздың бастауы екені даусыз. Ауылдың таза ауасын, тұнық суын, тіл жетпес сұлулығын жеткізуге келгенде көбіміз сөз таппай, абдырап қалатынымыз тағы бар. Десе де, өзіңнің туып-өскен ауылың жайлы өзің сыр шерткенге не жетсін?! Осы тұста көп созбай, өз ауылым жайлы сөз қозғауды жөн көріп отырмын.

Біз туып-өскен Пятимар ауылы – нағыз  қазақылықтың исі аңқыған, тарихы тереңнен сыр шертетін мекен. Осыдан біразырақ уақыт бұрын «Пятимар асыл тұқымды жылқы зауытының» құрылғанына 90 жыл толуына орай «Ауылым – алтын  бесігім. Пятимар – 90 жыл» атты жерлестер форумы өтті. 

Пятимар торқалы той

Осы ауылдың тумасы әрі ғалым ретінде құрметтеп шақырылғандықтан, елдің қуанышынан қалмай, бел ортасынан табылып, үлкен әсермен оралдым.

«Азалы ана» ескерткішіне гүл шоғын қою рәсімінен басталған іс-шарада «Пятимар асыл тұқымды жылқы зауытының» 1982-1989 жылдардағы директоры Мүсір Иманқұлұлы Айтасовқа арналған ауылдық округ әкімдігінің ғимаратында ескерткіш тақта ашылды. Мұнда аудан әкімі Дархан Закарин, сол кезде бірге жұмыстас болған  адамдар, бас инженер Әмірхан Закарин, есепші Қойшекен Еслямғалиев, ақын Закария Сисенғали, Мүсір ағайдың зайыбы Балғаным апай және немересі Асылбек Айтасов сөз сөйледі. Айта кетсем, 1986 жылы Саратов мемлекеттік зоотехникалық-малдәрігерлік институтын бітіргенде мені директор М. Айтасов арнайы министрлікке сұраныс хат жазып, «Пятимар асыл тұқымды жылқы зауытына» алдырған болатын. Содан асыл тұқымды көшім жылқысының және асыл тұқымды еділбай қойының бас зоотехник-селекционер қызметіне тағайындады. Жұмысымды атқарып жүргенде, қой қырқу науқаны басталды. Сөйтіп, мені уақытша қой қырқу пунктіне меңгеруші етіп жіберді. Ол кезде зауытта 8000 бас қой болатын. №3 Борық бөлімшесінде қырықшылармен бірге жұмыс істеп, нәтижесінде Жаңақала ауданы бойынша қой қырқу науқанын бірінші аяқтадық. Директор М. Айтасов өзіне шақырып алып, «Адамдарды жақсы ұйымдастырдың» деп риза болып, қолымды алды. Сол 1986 жылдың соңында зауыт ұжымы таза кіріспен аяқтап, мамандарға, жұмысшы-қызметкерлерге 13-ші еңбекақы берілді. 1987 жылы директор М. Айтасов Пятимар ауылындағы және бөлімшелердегі тұрғындарға арнап, моншасымен бірге 45 тұрғын үй салғызып берді.  Біздің жанұямызға, яғни Молдахановтар әулетіне және маған жас маман ретінде 2 пәтерлік жаңа үй берілді. Сол кезде Жаңақала ауданының І хатшысы Әділғазы Нұрғалиев мені өзіне шақырып алып, «С. Меңдешев кеңшарына еділбай қойынан асыл тұқымды ферма ашуымыз керек. Соған білімді зоотехник қажет. Біліміңді көрсетіп, қызмет атқар» деп қолқа салды. Содан 1987 жылы С. Меңдешев кеңшарының бас зоотехник-селекционері болып қызмет атқардым. Асыл тұқымды ферма мәртебесін алғаннан кейін, асыл тұқымды тұсақтарымыз Павлодар облысына, Бөкей ордасы, Қаратөбе аудандарына құнды бағамен сатылды. Әрі С. Меңдешев атындағы қой кеңшары ұжымының пайдасын жыл аяғында таза кіріспен аяқтадық. 1988 жылы еділбай қойының еркек қозыларын  4 айлығында анасынан айырған бойда ет комбинатына тапсыру (эксперимент) ғылыми тәжірибесі болды. Бұл істің нәтижесінде 1988 жылы 1097 бас еркек қозы ет комбинатына өткізілгенде олардың әрқайсысының орташа салмағы 40 келі еді. Асыл тұқымды қойларды дер кезінде сұрыптау, сараптау, бонитерлеу, зоотехникалық есебін жүйелі түрде жүргізудің нәтижесінде асылдандыру жұмысымыздың көрсеткіші көрінді. Бұл енді бөлек әңгіме. Сонымен ауыл тойына қайта оралайық.

RCp-vmym2ng

Іс-шара барысында Пятимар орта мектебі жанынан мұражай ашылды. Мұражайда үш мәрте Кеңес Одағының Батыры, маршал С. Буденныйдың 1949 жылы «Пятимар асыл тұқымды жылқы зауытына» келгені, Мәскеуде болған халық шаруашылығы жетістіктерінің көрмесіндегі Көшім айғырларының фотосуреттері тұр. Кең әрі жарық бөлмеде әдемі жабдықталған мұражай Пятимар ауылының тарихынан сыр шертеді. Мектеп директорлары, ауыл әкімдері, еңбек ардагерлері, осы ауылдан шыққан танымал тұлғалардың бәрі мұражайдың ішінде деректермен нақты әрі түсінікті жазылған. Екінші дүниежүзілік соғысқа тек Пятимар ауылынан 25 мың жылқы жіберілген екен. Мұны музей ішіндегі стендтағы мәліметтен біле аласыз.

Мәдениет үйінде өткен жерлестер форумында «Пятимар асыл тұқымды жылқы зауытының» атауы, Көшім асыл тұқымды жылқысының шығуына байланысты білген-түйгенімді айттым.

– Жергілікті  биелерді «Орлов-желгіш», «Орыс-желгіш», «Тазақанды міңгі» және Дон айғырларымен ұзақ жыл бойы асылдандыру нәтижесінде етті және сүтті, тірілей салмағы 700 келі көшім тұқымды, өнімді жылқысы пайда болды. Көшім жылқысы етті, сүттілігі, салмақтылығы, қысы-жазы далада жайылатын және экономикалық тиімді  жағынан  әлемдік деңгейге жетті. Көшім жылқысы Қазақстанның барлық  аймақтарында өсірілуде. Қазіргі уақытта БҚО бойынша 8881 бас көшім тұқымды жылқы бар, – дей келе асылдандыру жұмыстарына атсалысқан ауторларды атап өттім.

«Елу жылда ел жаңа» демекші, 90 жылдық тарихын қалыптастырған, берекесі артып, бірлігімен үлгі болған Пятимар ауылы жеткен жетістігімен ерекше.

Қазіргі кезде Пятимар ауылы көркейіп келеді. Ауылдық округ әкімінің басшылығымен көптеген жұмыс атқарылыпты. Мәселен, пандемия басталған тұста облыс бойынша алғашқы болып «Біз біргеміз» акциясы аясында 67 отбасына 1 айлық азық-түлік әр жылғы азаматтардың демеушілігі арқылы таратылған. 2020 жылы Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының «Туған жер» арнайы жобасы аясында ауыл балаларына арналған ойын алаңы, ауыл мешітінің төбесі, терезесі, есігі жаңартылды және көгілдір отыны  тартылып, азан шақыратын құрылғы орнатылған. Бұдан бөлек «Азалы ана»  ескерткішіне 12 метрлік мұнара тұрғызылды және соғыстан оралмай қалған жандардың тізімі жаңғыртылған. Саябаққа жазғы сахна, қақпа, жастар алаңы және 400 түп ағаш отырғызылған.  Ауыл палуандарына күрес кілемі, қажетті жабдықтар алынды және облыстық еркін күрес турнирі ұйымдастырылды. Ауылдың сәніне айналған кіреберіс қақпа орнатылды. Бұл жобалар арқылы 2020 және 2021 жылдары аудан бойынша «Ең көп жоба жүзеге асқан ауыл» атанды. «Жұмыспен қамтудың жол картасы - 2020» бағдарламасы аясында Пятимар орта мектебі күрде-лі жөндеуден өткені де ауыл халқының қуанышын еселей түсті. Тіпті шалғайда шағын Плантация, Борық секілді елді мекендерге көгілдір отын жеткізіліпті. Мұның бәрі ауыл әкімінің және ауыл тұрғындарының ел үшін еткен елеулі еңбегінің нәтижесі. «Бірлік бар жерде тірлік бар» деп қазақ бекер айтпаған. Осы орайда тағылым мен тәлімге толы ауылдың 90 жылдық мерейтойын жоғарғы деңгейде ұйымдастырып, жас болса да, бас бола білген Пятимар ауылдық округінің әкімі Жақсылық Хайреловке жерлестер атынан ризашылығымызды білдіреміз.

Туған ауыл-аймақтың торқалы тойын есте қаларлықтай етіп өткізген пятимарлықтардың қай-қайсысы болсын туған еліне деген сүйіспеншілігін, шын жанашырлық қасиетін, жауапкершілігін барынша таныта білді. Келешекте де Пятимар ауылының берекесі мен беделі артып, ырысы тасыған ауылдастардың ынтымағы  жарасып, мерейлі мерекелері молынан болсын де-гіміз келеді.

Нұржан Молдаханов,

ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, 

Қазақстан Жылқы өсірушілер одағы БҚО филиалының бас директоры

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале