25.12.2019, 15:55
Оқылды: 76

Тоқсанның төріне озған Алман аға

Жәнібек топырағының біртуар азаматтарының бірі, жұртына сыйлы, еліне қадірлі, аузы дуалы, сөзі уәлі Алман Бимұқанов ағамыздың тоқсанға толған жасында оның бір ғасырға жуық өткен өмірінен сыр шертпекпіз.

janibek enbek (4)

Алман ағамыз Атырау облысының Индер ауданына қарасты Есбол ауылында кете-естек әулетінде, яғни, атамыз Бимұқан мен анамыз Шоқалдың отбасында дүниеге келген. Ағамыз жеті құрсақтың кенжесі. Осыған дейін алты  құрсақ екі-үш жыл тұрып, шетіней берген. Ол бүгінде әке мен анадан, алты құрсақ  бауырдан жалғыз қалған жан.

Әкесі Бимұқан Шерденұлы өткен ғасырдың отызыншы жылдарында елдегі колхоздастыру науқанына белсене қатысып, 1936 жылы науқастанып дүниеден өткен. Анасы Шоқал Әпішқызы жайық беріш тумасы. Бұл анамызда жетімдіктің қасіретін ерте тартып, әке-шешеден жастай қалып, ағасы Құсан мен жеңгесі Жылыштың тәрбиесінде болған. 1954 жылы ағамыз шаңырақ иесі атанып, Орда құмында дүниеге келген, қылыш кескен шеркеш Зұлқарнай атамыздың қызы Бәтима апамызға үйленеді. Апамыз ұзақ жылдар бойы білім беру саласында абыройлы еңбек етті. Ол кісіні де жетімдік тағдыры айналып өтпеген. Әкесі үш жасында дүниеден өтіп, ол әкесінің інісі Бисалиев Мұқтардың қолында тәрбиеленеді.

janibek enbek (1)

Алман ағамыз бізбен әңгімесінде: «Бәтима екеуміз ұзақ жылдар бойы тату-тәтті, бақытты өмір кештік. Отбасының бақыты перзент сүю емес пе? Жеңгелерің өзінің қызметінен, үй шаруасынан қол үзбей жүріп, алты құрсақ, төрт қыз, екі ұлды дүниеге әкелді, өсірді, олардың жоғары білім алуларына қамқорлық жасады. Бұл күндері бәрі де өз алдарына отау иесі атанып отыр. Осылардан он немере, он бір шөбере көрген бақытты атамын. Өкініштісі сол, бұл қуаныштарға Бәтима ортақтаса алмады. Жазмыш солай болды. Немере, шөберелердің бүгінгі қызығын көру оның маңдайына жазылмапты... Өзім 1992 жылдан ел астанасында үлкен ұлым Жақан мен Зоя келінімнің қолындамын. Кіші ұлым Берік өз отбасымен бөлек. Үлкен қызым Гүлбар мұғалім, күйеу бала әскери дәрігер Ресейдің Волгоград қаласында, Клара мен Ерболат, Гүлзада мен Марат бұлар әскери адамдар. Марат күйеу балам генерал-майор, қалған қыз-күйеулер полковник. Бәрі де Нұр-Сұлтан қаласында. Тұрмыс-тіршілігіме, бағым-күтіміме өте ризамын. Ұрпақтарым қамқорлап келеді. Осылардың арқасында азбай-тозбай, міне, 90-ға келдім», – деп бір серпіліп алды.

Иә, ағамыз тіршіліктің ауыртпалығын ерте арқалаған азамат. Алты жасында әкесі, он жасында анасы дүниеден өтіп, әжесінің ағасы Мәшім мен оның жұбайы Әсия әлі толып жетілмеген жас баланы бауырларына басып, еңбекке баулып өсірген. Әкенің орнындағы әкесі Мәшім атамыз көзінің кеміс болуына байланысты отбасындағы ауыртпалықты қайратты да ер мінезді Әсия апамыз арқалаған. Елтай мектебінде жетінші сыныпты бітіргесін ол үйдегі жағдайға байланысты екі жыл колхозда мал баққан. Бұл елде соғыс жүріп жатқан кез-ді. Әрі «Жау жағадан алғанда, ит етектен алады» дегендей, аш қасқырлар малға тыныштық бермей, бір жылда сегіз сиыр, бір түйені жеп кеткен. Алман ағамыз сол кезде он бестен асқан бала жігіт болса да, колхоздың мемлекетке ет тапсыру жоспарын асыра орындап, артық салмақ есебінен колхозды үш жылдық мемлекет салығынан құтқарып, еңбегіне бір бұзаулы сиыр алған.

Соғыс біткен соң, қайсар жігіт оқуын қайта жалғастырып, 1949 жылы Елтай орта мектебін бітіреді. Кешікпей өз замандастарымен бірге арман қуып, алыс Алматыға аттанады. Алдына қойған мақсаты – мамандық алу, маман болу. Ол мақсаты да орындалып, 1954 жылы Алматы ауылшаруашылығы институтының инженер-электрик факультетін бітіріп, арнайы жолдамамен Жәнібек ауданына қарасты Шоңай МТС-на аға механик болып жұмысқа орналасады. Институтты жақсы бітірген алғыр жігіт  аз уақыттан соң Ордадағы кәсіптік-техникалық білім беретін училищеге оқу ісінің меңгерушісі лауазымына жіберіледі. Үш жылдан кейін колхоздарға инженер-техник мамандары жетіспеген кезде Ленин атындағы колхозға бас инженер болып тағайындалады. Ол колхозға ауадай қажет машина-трактор жөндейтін МТМ-ны салдыруды қолға алады. Оның ішіне өте қажетті станоктарды, темірді дәнекерлейтін аппараттарды, насос жөндейтін стендті, тағы басқа сол сияқты құралдарды көршілес Ресейдің колхоз, совхоздарынан алып, жөндеу шеберханасын жабдықтайды. Сондай-ақ, колхоздағы барлық қой отарын бір жерден қырқу үшін елу электр қайшысы бар қой қырқу пунктінің салынуына мұрындық болған. Бұл кезде колхоздағы барлық мал қолмен, түйе, өгіз жегілген бөрдек арқылы суарылатын болған. Бір жылда 36 мал орнының құдықтарын су шығаратын техникамен қамтамасыз етіп, малшылардың қол еңбегін жеңілдетіп, уақыттарын үнемдеуге жағдай жасаған. Әрі техниканы жөндеу жұмыстарына қосымша шығын шығармай, өздері жөндеп отырған. Қой малын қырықтықтан кейін дәрілейтін (купка) науқан кезінде қол еңбегін жеңілдету үшін онша сапалы болмаса да, қолдан транспортер жасап, іске қосқан. Ағамыздың өндіріске жанашырлығын, еңбекқорлығын, ізденімпаздығын колхоз басшысы мен барлық колхозшылар қолдап, көмектесіп отырған.

Осылайша өзінің жақсы істерімен көзге түскен Алман ағамыз аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының бас инженері қызметіне тағайындалады. Кейін аудандық «Сельхозтехника», «Сельхозхимия» бірлестіктерінің, аудандық электр жүйесі мекемесінің басшысы болып қызмет атқарып, зейнеткерлікке шықты. Ол қай қызметте болса да, шарапаты мен жақсылығын халықтан аямады. Жұртына сыйлы, еліне қадірлі болды.

Несін жасырамыз, ел ішінде Алман аға айтты деген әзіл-қалжың, уытты сөздер де аз емес. 1971 жылдың басында ауданның көптеген азаматтары, шаруашылық басшылары, мамандар, қатардағы еңбек адамдары орден, медальдармен марапатталады. Оны аудандық мәдениет үйінде аудан басшысы Рахметолла Егізбаев табыс етеді. Қалай екені белгісіз, оның ішінде кілең көзге түсіп жүретін Алман ағамыз болмай шығады. Салтанатты жиналыстан соң достары Алманның үйінде бас қосады. Үй иесі біртүрлі көңілсіз, әрі  жарылуға да шақ жүр екен...

-Менің нем кетеді. Арым таза, міндетімді адал атқарып жүрмін, – деп сөз бастайды Алман. – Жазатайым болып, кетіп қалсам, сүйекпен бірге алып келе жатқан анау кішкентай көпшігімнің бос екенін көрген жұрт: «Марқұм, жұмысты бәрінен артық істеп еді. Бірақ, еңбегін бағаламай, жүйкесін құртып, ақыры өлтіріп  тынды ғой, әкімқаралар демей ме?!»

Ел ішінде сөз жатама, бұл әңгіме аудан басшысының құлағына жетіп, ұмыт қалған оның құжаттары шұғыл толтырылып, кейіннен оған «Еңбектегі ерлігі үшін» медалі табыс етіледі.

Иә, бүгінде ағамыздың осылай сыйласқан құрбы-құрдастарының біразы бақилық болды. Өзімен бірге жасасып келе жатқан Тауасиық Мырзағалиев ағамыз ғана Алматыда тұрады. Ал бүкіл саналы ғұмырында сүйіспеншілік пен сыйластықтың, бірін-бірі аялаудың үлгісін паш еткен Алман ағамыз бен Бәтима жеңгеміздің өнегелі өмірлері біздің жүрегімізден ешқашан өшпек емес.

жерлес інілері

Ғалихан Бапақов,

Әлібек Жиенәлиев,

Қалиолла Мұқанов

Жәнібек ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagr am-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале