15.06.2022, 11:00
Оқылды: 86

«Төл тілімізден қашпай, керісінше төрге сүйрейік»

Достық үйі — ынтымақ пен бірліктің ұясы

Дәулеті ортаймай, ырысы шайқалмай  татулықтың бесігінде тербелген бірлігі берекелі, тірлігі мерекелі Теректі  ауданында 29  ұлттың өкілдері бір отбасындай болып ел игілігі үшін тер төгуде.

IMG-20220614-WA0003

Этникалық топтардың дәстүрлері, тілі, мәдениетін сақтап, ортақ міндеттерге  біріктіріп, татулықтың жарқын үлгісін көрсетіп отырған ауданда Достық үйі этносаралық бейбітшілік пен келісімді, ынтымақтастықты нығайтуға және жалпы қазақстандық идеологияны қалыптастыруға  этномәдени орталықтардың белсенді қатысуына ықпал ететін аймақтың басты алаңы.

Бүгінгі таңда Достық үйінде  6 этномәдени бірлестік  бар. Тінін тарқатсақ, 2012 жылы «Алтын бесік» қазақ  этно-мәдени орталығы құрылды, оның жетекшісі, Новопавлов  ауылдық клуб  меңгерушісі Ләйла Қаражігітова. Дәл осы жылы  «Русская изба» орыс  этно-мәдени орталығы да ашылған болатын. Бұл орталыққа Покатилов ауылдық мәдениет үйінің  директоры Николай Сунцов бас-көз болып отыр.  2007 жылы ашылған «Еднання» украин этно-мәдени орталығына Долин ауылдық мәдениет үйінің директоры Надежда Рунова жетекшілік етеді.

«Алтын гюль» татар этно-мәдени орталығы өз жұмысын 2010 жылы бастады. Төңкеріс ауылдық клуб меңгерушісі Татьяна Момот аталмыш орталықтың жұмысын дөңгелетуде.

Достық үйінің директоры Гүлмира Кощанованың айтуынша, ресми түрде 2 этно-мәдени орталық үкіметтік емес бірлестік болып тіркелген. Оның бірі — 2012 жылы құрылған «Сябры» белорус этно-мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігі. Оған  Мария Плетеная басшылық етеді. Ал екіншісі — «Өркендеу» корей  этно-мәдени  орталығы»  қоғамдық  бірлестігі. 2014 жылы ашылған орталықтың жұмысын жеке кәсіпкер Владимир Шин атқарады. Бұлардың қатарын  «Фройндшафт» неміс этно-мәдени орталығы толықтырды. Орталықтың тізгінін Богданов ауылдық клуб меңгерушісі Вера Медетова-Дик  қолға алды.

IMG-20220614-WA0004

Достық үйінде ұлттың рухани мұрасын сақтау, жандандыру және дамыту үшін орасан зор жұмыстар жүргізіледі. Этномәдени бірлестіктері «Мәдени мұра» бағдарламасын жүзеге асыру аясында белсенді жұмыс жүргізуде, мысалы Құрбан айт, Рождество, Пасха, Масленица, Сабантой және тағы басқа ұлттық мейрамдарды, ұлттық мәдениет пен дәстүр күндерін өткізуді дәстүрге айналдырды.

—Аудандық Достық үйі «Бір шаңырақтың астында», «Бір ел, бір тағдыр», «Мәңгілік ел» сынды жобаларға жыл сайын бастамашы болып келеді. Сондай-ақ, «Қазақтану» бағдарламасы бойынша жобалар жүзеге асуда.

«Біргеміз», «Мейірімділік керуені» жалпы ұлттық акциясы барысында этно-мәдени бірлестіктермен бірге «Біз біргеміз», «Мектепке жол»акциялары өтті. Пандемия кезінде Достық үйі, этно-мәдени бірлестіктің қызметкерлері ауылдың үлкен кісілеріне, ауыл тұрғындарына, әріптестерімізге арнап 100 дана бетперде әзірледі,  — дейді Гүлмира Ғилымқызы.

«Қазақтың салт - дәстүрін құрметтеу — борышым»

«Құрғақ қасық ауыз жыртады». Теректі ауданындағы әр түрлі ұлт өкілдері  хақында  қалам тербедік.  Енді сол  «Фройндшафт» неміс этно-мәдени орталығының басшысы, әрі Богданов  ауылдық клуб меңгерушісі Вера Медетова-Дик  туралы әңгіменің тиегін ағытсақ.

Жалпы Богдановкада мордва, даргин, татар, орыс, украин, белорус, неміс, молдаван сықылды әртүрлі этникалық топтардың өкілдері өмір сүреді. Солардың бірі, яғни неміс қызы осы — Вера Медетова-Дик. Ол кісі 1968 жылы Ақтөбе қаласы, Ақшат ауылында дүниеге келген. Бала кезінен бастап қазақтардың арасында өскендіктен болар, қазақ тілін жетік біледі. Анасы Эрна Ивановна бес баланы тәрбиелеп, өсірген.

IMG-20220614-WA0006

—Ирина деген бауырым Богданов ауылының қазақ жігітіне тұрмысқа шықты. Біз де осы ауылға келіп, тұрғындардың татулығына қатты қызықтық. Сөйтіп, мен де Шеркеш руына, Медетовтер әулетіне келін болып түстім. Жолдасым Марат екеуміз Асмир, Диас, Бақтияр есімді ұлдарды тәрбиеледік. Саяндай сүйкімді немереміз бар.

«Қазақтың салт - дәстүрін білесіз бе, дейсіз бе?». Ойбууу,  қазақтың салт-дәстүрін құрметтеу — борышым ғой! Бұл өз алдына, ұлттық тамақтарын дайындап, жұма сайын шелпек пісіріп, өлі аруақтарға Құран бағыштаймыз.

Қазақ халқы  — салт - дәстүрге өте бай халық. Ал салт - дәстүрге бай болу елдің мәдениетті әрі тәрбиелі екенін айғақтайды. Салт - дәстүр — ел өмірімен біте қайнасып кеткен рухани және мәдени азық. Біздің халқымыз өз ұрпақтарын қасиетті салт-дәстүрмен, өнегелі әдет-ғұрыппен, ырым- тыйыммен тәрбиелеп, ұлағатты ұл мен инабатты қызды теріс жолға түсірмей тәрбиелей білген. Атақты батырымыз Бауыржан Момышұлы «мен өзімнің ұрыстағы тәжірибемнен жауынгерлік қасиетті тәрбиелеуде ұлттық дәстүрдің маңызы зор екеніне көзім жетті» деп жазады. Бұдан отаншылдық, ерлік, мәрттік, жомарттық, адамгершілік қасиеттердің бәрі салт-дәстүр арқылы даритынын түсінуге болады. Яғни, салт-дәстүр адамды адастырмас тура жолмен жүруге, жөн-жосықты біліп, үйренуге және өмірде қолдануға үгіттейтін мызғымас заң іспетті десек те болады, — деп ағынан жарылды Вера жеңгеміз.

Кейіпкеріміз мәдениет саласында 16 жылдай маңдай терін төгуде. Оның ұйымдастырған қандай да болмасын шараларына ауыл халқы дән риза.

— Анам ылғи «менің балаларым құтты Қазақстан жерінде білім алып, лайықты адам болғанына қуаныштымын» деуші еді. Бір ауыз сөздің астарында қаншама терең мағына бар, — деген Вера Медетова татулық, бірлік жөнінде ой-пікірімен бөлісті.

Мемлекеттік тіл саясаты — жасампаздық пен жарқын болашақ кепілі

  Ұлы даланың дарабозы Қадыр ақын «Балық тілсіз болса да, халық тілсіз болмайды» деген болатын. Расында да, тілсіз халық түгілі жеке тұлға өмірін елестету қиын.

—Болашағы бар ел алдымен тілін қадірлейді. Әрине, тіл адамдардың бір-бірімен қарым-қатынас құралы. Сондықтан, тіл мәселесі – аса ауқымды мәселе. Тіл тағдыры – ұлт тағдыры, ұрпақ тағдыры.

Аудандық Достық үйі мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыру мақсатында бірқатар шараларды қолға алды. Мәселен, биыл мемлекет тарапынан 2565,0 мың теңге қаражат бөлініп, аудан көлемінде  мемлекеттік қызметкерлер және  жеке тұлғаларға  арналған оқыту курстары ұйымдастырылды. Сонымен қатар тіл саясатын іске асыру мақсатында аудан көлемінде байқаулар, дөңгелек үстелдер ұйымдастырылуда. Жіпке тізсек, «ҚР Тіл туралы» Заңының тілдерді қолдану мен дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған мемлекеттік және аймақтық бағдарламаларын жүзеге асыру барысында Ахмет Байтұрсынов атындағы көркемсөз оқу шеберлерінің аудандық онлайн-байқауы, «Мемлекеттік тіл – тәуелсіздік символы» атты өзге ұлт өкілдері арасында байқауы, Абай  атындағы көркемсөз оқу шеберлерінің аудандық байқауы, «Мен қазақша сөлеймін» атты өзге ұлт өкілдері  қатысуымен акция,  «Тіл мәртебесі — ел мерейі» дөңгелек үстел, аудандық «Қазақша сөйле, орысша оқы, ағылшынша ән айт» байқауы, «Тіл — татулық тірегі» байқаулары.

Он жыл бұрын, 2011 жылдың желтоқсанында Теректі ауданы орталығында Достық үйі есігін айқара ашты, 29 ұлт өкілі «менің мекенім» деген теректіліктердің ортақ шаңырағы болып отырған Достық үйі— мәдениет мен тілді өзара тоғыстыратын өмірдің шынайы көрінісі, нақты болмысы.

«Ұлттың тілі  ұлттың ділі» деп, халық даналары айтқандай, ұлтымызды сақтайық. Ана тіліміздің айбынын асқақтатып, қасиетті қазақ жерінде қазақ тілінің мәртебесін көтерейік! Төл тілімізден қашпай, керісінше төрге сүйрейік, сонда ғана Қазақстан түндігі берік ел болмақ, — деп Теректі аудандық Достық үйінің директоры Гүлмира Кощанова өз ойын түйіндеді.

Самал Жамет,

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале